
Қазақстанда қосылған құн салығының өсуіне байланысты Алматыдағы ботаникалық баққа кіру ақысы өсті. Бұл туралы ботаникалық бақтың баспасөз қызметі хабарлады.
Енді ботаникалық баққа кіру үшін ересектер – 932,14 теңге, зейнеткерлер мен оқушылар – 466,07 теңге, студенттер – 745,71 теңге төлеуге тиіс.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңартылған Салық кодексіне сәйкес ҚҚС негізгі мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаяды.
Осыған байланысты, ҚҚС билет бағасына кіретіндіктен, Бас Ботаникалық баққа кіру билеттерінің құны өзгереді», – делінген хабарламада.
Ботаникалық бақ өкілдері қолма-қол ақшамен, дәлірек айтқанда, ұсақ тиынмен есеп айырысу кезінде қиындық туындап жатқанын хабарлап, бұл үшін келушілерден кешірім сұрады.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсті.