2026 жылы Яндекс Такси жүргізушілері үшін салық төлеу тәртібі өзгерді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Яндекс такси
фото: Яндекс Қазақстан, бильд-редактор: Әхтәм Зиперов

2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған байланысты Яндекс Такси жүргізушілері үшін салық төлеу тәртібі өзгерді. Kursiv.Media соны өзгерістерді қарапайым тілмен түсіндіреді.

Жаңа салық ережелері

Салық заңнамасының өзгеруіне байланысты жеке кәсіпкерлер арнайы тәртіпке ауысады. Оның Яндекс Такси сияқты платформаларда жұмыс істейтін жүргізушілерге тікелей әсері бар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілген салық тәртібі жеке тұлғаларға арналған. Енді Яндекс Таксиде тапсырыс орындайтын бұрынғы жеке кәсіпкерлер автоматты түрде осы режимге ауысады. Соның арқасында құжат саны мен салық жүктемесі азаяды.

  • Бұрынғы (өзін-өзі жұмыспен қамтыған) жеке кәсіпкерлер: Яндекс Таксиде тапсырыс орындағандар 2026 жылы E-salyq Business қосымшасында бірінші чек тапсырған күннен автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнайы салық тәртібіне ауысады.
  • Бірнеше тәртіпті біріктіретін жеке кәсіпкер: 2026 жылғы 1 наурыздан бастап бір тәртіпті таңдауы қажет. Таңдау жасалмаған жағдайда ол жалпы тәртіпке ауысады (10% жеке табыс салығы + әлеуметтік төлемдер = барлығы 23,5%).
  • Жеңілдігі бар декларациямен істейтін жеке кәсіпкер мәртебесін сақтап қалғыңыз келсе, 2026 жылғы 1 наурызға дейін арнайы салық тәртібінің осы түрін таңдайтыныңызды салық органына ескертіңіз. Әйтпесе 1 қаңтардан бастап Сізді жалпы салық тәртібіне ауыстырып, ол кезде Яндекс Такси паркімен еңбек шарты бойынша жұмыс істеу қажет болады.

Салықшылар не дейді?

Мемлекеттік кіріс комитетіндегілер Kursiv.Media-ға салықтағы өзгерістерді былайша түсіндірді:

«Комитет жеке кәсіпкерлерді 2026 жылғы 1 наурыздан бастап автоматты түрде жауып тастайды. Олар әрі қарай өзін-өзі жұмыспен қамтитындар ретінде жұмыс істей берсе болады. Ол E-salyq Business мобильді қосымшасында чек өткізген сәттен бастап өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына өтеді. Бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Азаматтардың кейбірі өзі бетімен жауып тастап жатыр. Олай жасауға да болады», – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Айжан Бекеева.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жеке табыс салығынан босатылады. Былтыр ЖТС үшін 1% салық ұсталған. Әлеуметтік салық – 4%, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы, әлеуметтік алым, сонымен бірге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – 1%.

Қазақстанда Яндекс Такси платформасына шамамен 86 мың адам тіркелген. Компания мемлекетке кемі 4,3 млрд теңге салық төлеген.

Бұған дейін Kursiv.Media бейресми таксилер kaspi картамен төлем қабылдаудан бас тартып жатқаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз