Бейресми таксилер kaspi картамен төлем қабылдаудан бас тартып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
такси Алматы қаласы
фото: shutterstock

Алматы қаласында бейресми таксишілер kaspi картасымен төлем қабылдаудан бас тартып жатыр. Олар мұны үкіметтің салық саясатының күшеюімен түсіндірді.

«Үкімет ақымақ емес»

Қазақстанның ең ірі қаласында ресми такси қызметін ұсынатын компанияларға қосылмай, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жолаушы тасумен айналысатын бейресми таксишілер көп. Енді олар көпшілікке ыңғайлы kaspi картасымен төлем қабылдаудан бас тартып жатыр.

«Үкімет kaspi-ді құртты: бұрын бір айға жүз аударым еді, енді үш айға жүз аударым етіп қойды», – деп шағымданды жолаушы таситын алматылық қарт кісі.

Ол көлігіне жолай отырғызған жолаушыға kaspi жоқ екенін, қолма-қол ақша ғана қабылдайтынын ескертті. Көлікпен ақша табатын кісінің «неге салық төлемейсіз» деген сауалға жауабы дайын.

«Ол үшін жеке кәсіп тіркеу қажет. Табыс мөлшерінен асып кетсең, ЖШС ашу қажет болады. Үкімет те ақымақ емес», – дейді ол.

Ереже өзгерді

2026 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті банк операцияларын бақылайды. Мекеме, әсіресе, кәсіптен түскен табысты анықтауды көздеп отыр.

Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес, жеке тұлға шотына түсетін ақша мына жағдайда кәсіпкер кірісі деп танылуы мүмкін:

  • Үш ай бойы 100 түрлі адамнан ақша түссе;
  • Үш айда картаға түскен ақша көлемі 1 млн 20 мың теңгеден асса.

Мұндай жағдайда елдегі екінші деңгейлі банктер мәліметті кіріс комитетіне жолдайды. Содан кейін салық органдары тексеру жүргізіп, кірісті декларациялауды, салық төлеуді талап етеді. Осындай шара тіркеусіз бизнес жүргізуді анықтау мақсатында қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз