Қазақ-қытай шекарасына жақын маңда екі мәрте жер сілкінді

5 қаңтарда Астана уақытымен сағат 14:50-де қазақ-қытай шекарасына жақын маңда жер сілкінді. Дүмпу сағат 15:02-де тағы қайталанды. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақ Ұлттық деректер орталығы таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлады.
Дүмпу ошағы Қытай аумағында орналасқан. Ұлттық орталық бірінші жер сілкінісінің магнитудасын 4,1 балл, ал екіншісін 4,4 балл деп бағалады.
Жер сілкінісі Шыңжаң өңіріндегі Ақши ауданында болған. Дүмпу ошағы Алматы қаласынан шамамен 255–275 шақырым жерде орналасқан.
Орталық дүйсенбі күні таңертең Жамбыл және Алматы облыстары шекарасында да жер сілкінгенін хабарлаған. Дүмпу Астана уақытымен сағат 10:15-те Отар станциясынан солтүстікке қарай 30 шақырым жерде тіркелген. Мекеме оның қуатын 3,7 балл деп бағалады.
Қытайдың Ақши ауданы маңы Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан сейсмикалық белсенді аумақ. Мұнда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Алматыға жақын болғандықтан, оның әсері Қазақстанда да сезіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Шыңжаңның дәл осы Ақши ауданында 2025 жылғы 22 желтоқсанда, оған дейін 4 желтоқсанда жер сілкінісі болған. Сол кезде Алматы қаласында 2-3 балл сезіліп, қалада дабыл іске қосылған.