Руслан Өскенәлі Қазақмыстың басқарма төрағасы атанды

Жақында ғана қожайыны ауысқан «Қазақмыс» корпорациясына жаңа басшы тағайындалды. Руслан Өскенәлі компанияның басқарма төрағасы қызметіне кірісті. Бұл туралы Kursiv.Media мыс компаниясы таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
42 жастағы топ-менеджер бұған дейін Qarmet компаниясында директор болған. Корпорация Өскенәліні «тәжірибесі мол маман» деп сипаттады.
«Коммерциялық және өнеркәсіптік құрылымдардың басқарушылық қызметінде тәжірибеcі мол. Әр жылдары «Қазақмыс» корпорациясы, Alstom және General Electric сынды ірі халықаралық және ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарда қызмет атқарды», – деп таратты Қазақмыс.
Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, Woodbury University-де MBA дәрежесін алған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың аяғында «Қазақмыс» корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының құрамына ресми түрде өтті. Кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа тиесілі компания қарашада мыс өндіретін корпорацияны сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болған.