
Президент Қ.Тоқаев республикалық Turkistan басылымына сұхбат берді. Сұхбатты бас редактор Бауыржан Бабажанұлы алған. Тоқаев экономикалық реформалар, салық кодексі, бизнес, Қаңтар оқиғасы туралы біраз сауалдарға жауап берген. Соның ішінде кәсіпкерлерге қатысты ойына тоқталдық.
Президент кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айта келіп, олар үкімет тым көп иек артып кететінін де сынады.
«Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек. Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр», – деді ол.
Бірақ кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекет қолдауын түсіне бермейді дейді ол.
«Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды. Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым. Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады», – деп атап өтті Тоқаев.
5 желтоқсанда Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өткен. Ол жиында Тоқаев бірнеше ірі кәсіпорын басшылығына арнайы сыйлық ұсынған.
Сондай-ақ қайырымдылыққа мол қаражат жұмсайтын кәсіпкерлер үшін Тоқаев «Мейірім» орденін тағайындаған.