
Танымал қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева алғаш рет ажырасуына не себеп болғанын айтты. Бұл туралы Qysqa Söz YouTube-арнасына берген сұхбатында ашық баяндады.
Назира Бақаеваның айтуынша, некедегі негізгі шиеленіс нүктелерінің бірі – «Томирис» тарихи фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын болған. Бұл тақырып төңірегінде ұзақ уақыт бойы түрлі қауесет тарағанын, әсіресе әлеуметтік желідегі бір жазбасынан кейін әңгіме күшейе түскенін атап өтті.
Ол кезде Бақаева Альмира Тұрсынмен түскен ортақ суретін жариялап, Рамазан айындағы ауызашарға шақырғаны үшін алғыс білдірген. Өзінің сөзінше, бұл жазбада ешқандай жеке астар болмаған, тек алғыс пен сыйластық қана көзделген. Алайда қоғам бұл жағдайға өздігінше баға берген.
«Иә, қазір ашық айта аламын, бұл шынымен де негізгі себептердің бірі болды», – деді ол сұхбат барысында.
Сонымен қатар Назира Бақаева көпәйел алуды қабылдай алмағанын жеткізді. Мұсылман адам ретінде діни ұстанымдарды жоққа шығармайтынын айтқанымен, жеке өзі үшін мұндай өмір салты қолайсыз екенін жасырмады.
Дегенмен Назира Бақаева Ақан Сатаевты әке ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның сөзінше, режиссер жауапты жар болған әрі әлі де балаларға қамқор әке. Балалардың әкесімен бірге тұруы – бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ әрі саналы шешімі.
Еске салайық, Назира Бакаева мен Ақан Сатаев 25 жыл отасып, бес бала тәрбиелеген. Олардың ажырасқаны туралы 2020 жылы белгілі болды.
«Бостон некесі»
Сондай-ақ Назира Бақаева қазіргі таңда өзінен бірнеше жас кіші Doris есімді бойжеткенмен бірге тұратынын айтты.
«Менің Doris-қа алғысым шексіз. Ол мені қараңғы түнектен алып шықты, өміріме жарық әкелді. Оның маған жасаған жақсылығы өте көп. Әйел әйелге тірек бола алатынына көзім жетті. Алғашында бізді жұмыс пен шығармашылық жақындатты, кейін бірге тұруды шештік», – деді ол.
Бақаеваның айтуынша, қазір олар «Бостон некесі» форматында өмір сүріп жатыр. Бұл – ресми неке қимай, романтикалық немесе жыныстық қатынассыз, бір-біріне эмоционалдық, тұрмыстық және қаржылық қолдау көрсетіп бірге өмір сүру үлгісі.
Ал Ақан Сатаев пен Альмира тұрсын қазіргі таңда сәби күтіп отыр.