Трамп АҚШ-қа Гренландия не үшін қажет екенін тағы қайталады

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, елге «Гренландия өте қажет». Өйткені бұл аумақты «ресейлік және қытайлық кемелер қоршап тұр».
Бұл туралы Америка президенті The Atlantic журналына берген сұхбатында айтты.
Сондай-ақ Дональд Трамп АҚШ үшін Батыс жартышарды бақылау қажет деп санайтынын айтып, 1823 жылы жарияланған Монро доктринасының өз нұсқасына – «Донро доктринасына» сілтеме жасаған. Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұрлау туралы шешім тек географиялық факторларға ғана байланысты болмағанын айтты.
«Мәселе жартышарда емес. Мәселе елде. Нақты елдерде», – деді Трамп.
Дональд Трамптың айтуынша, Венесуэладағы америкалық әскерилердің әрекеттері Гренландия үшін нені білдіретінін басқа адамдар шешуге тиіс.
«Олар мұны өздері бағалауы керек. Мен шынымды айтсам, нақты білмеймін. Кеше Марко маған өте кеңпейілді болды. Білесіз бе, ол кезде мен Гренландияны меңзеген жоқпын. Бірақ бізге Гренландия аса қажет. Ол бізге қорғаныс үшін керек», – деді ол.
Дональд Трамп АҚШ-тың Гренландияны бақылауға алу ниетін алғаш рет айтып отырған жоқ. 2025 жылдың желтоқсан айының соңында ол BBC-ге берген сұхбатында Америка Құрама Штаттарына «ұлттық қорғаныс» үшін Гренландия «қажет» екенін мәлімдеген. Сол кезде президент «жақын маңдағы теңіздердегі ықтимал қауіп» ретінде «қытайлық және ресейлік кемелерді» де атап өткен еді.