Венесуэланың уақытша президенті бүкіл әлем мен АҚШ-қа үндеу жариялады

АҚШ әскерилері Николас Мадуроны ел аумағынан алып шыққаннан кейін Венесуэланың уақытша президенті болған Делси Родригес «Венесуэла мен АҚШ халықаралық құқық қағидаттарына сүйене отырып, бірлесе дамуға қабілетті» деп мәлімдеді.
Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес Каракас көршілес елдермен бейбіт қатар өмір сүруге адал екенін, сыртқы қауіп-қатерден ада, өзара құрмет пен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген жағдайда дамуға ұмтылатынын мәлімдеген. Ол 4 қаңтар күні Instagram парақшасында жариялаған ашық хатында АҚШ үкіметін диалог пен ынтымақтастыққа шақырды.
Родригестің айтуынша, Венесуэла АҚШ-пен және өңірдің өзге мемлекеттерімен теңгерімді әрі сыйластыққа құрылған халықаралық қатынастарды дамытуға басымдық береді. Ол халықаралық құқық шеңберінде бірлескен дамуға бағытталған бағдарламалар қоғамдағы тұрақты бейбіт өмірді нығайтуға жол ашатынын атап өтті.
Саясаткер АҚШ президенті Дональд Трампқа да тікелей үн қатып, екі халық пен бүкіл өңір соғысқа емес, бейбітшілік пен ашық диалогқа лайық екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл ұстаным бұрын әскери операция барысында ұсталып, жұбайымен бірге АҚШ-қа әкетілген Николас Мадуроның да басты ұстанымы болған.
«Президент Дональд Трамп, біздің халықтарымыз бен өңіріміз соғысқа емес, бейбітшілік пен диалогқа лайық. Бұл әрдайым президент Николас Мадуроның үндеуі болған және дәл қазір бүкіл Венесуэланың ортақ ұстанымы да осы. Бұл – мен сенетін әрі өмірімді арнаған Венесуэла. Мен барлық адал венесуэлалықтар біріге алатын Венесуэланы армандаймын. Венесуэланың бейбіт өмірге, дамуға, егемендікке және болашаққа құқығы бар», – дейді Делси Родригес.
Бұған дейін Дональд Трамп Делси Родригесті АҚШ билігімен ынтымақтастыққа бармаса, «ауыр салдарға» тап болатынын ескерткен. Сонымен қатар ол Венесуэланы уақытша басқаруды өз әкімшілігі қолға алатынын мәлімдеп, бұл кезең биліктің «тиісті» ауысуына дейін созылатынын айтқан.
Ал Марко Рубио Вашингтонның Венесуэлаға қатысты саясаты режимді ауыстыруды көздемейтінін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ тек мұнай экспортына қатысты «карантинді» сақтап, оны саяси өзгерістерге ықпал ететін қысым құралы ретінде пайдаланбақ.
Еске сала кетейік, 3 қаңтарда АҚШ Қарулы күштері Венесуэла астанасының орталығында операция жүргізді. Олар ел президенті Николас Мадуроны және оның жұбайы Силия Флоресті тұтқындап, Нью-Йоркке жеткізді. Онда оларды АҚШ сотына тарту жоспарланып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтар Венесуэлада өтпелі кезеңде басқаруды өз қолына алатынын мәлімдеді, бірақ бұл кезеңнің қанша уақытқа созылатынын нақтыламады.
Ал қазіргі уақытта Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес елді уақытша басқарып отыр.