
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында төрт жыл бұрын болған Қаңтар оқиғасы туралы айтты.
Тоқаевтың сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігінің кей басшысы Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.
«Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды», – дейді президент.
Айтуынша, «төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермелеген.
«Азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті», – деді ол.
Ал бүлікшілердің басты нысанасы Алматы болған.
«Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр», – деп жауап берді Тоқаев.
Айта кетейік, 2022 жылы Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде 238 азамат қайтыс болғанын хабарлады. Ішінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері бар. Ал 6 адам азаптаудан қайтыс болған.
Қаза тапқандардың тізімін мына жерден көруге болады.