2026 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

2026 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 35 жыл болады. Одан бөлек биыл Желтоқсан оқиғасына 40 жыл. Атаулы күндер арасында есімі ел есінде қалған бірқатар азаматтың да мерейтойы бар.
2026 жылы елде қандай атаулы даталар мен мерейтойлар барын Kursiv.Media материалынан біле аласыздар.
Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл
Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында туған. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим. 3-4 жасында әкесі Алтынсары өмірден өткен соң атасы Балғожа бидің қолында өскен.
Ол Орынбордағы ашылған мектепті тәмамдаған соң туған елінде тілмаш болды. Осылайша ынтасы ағартушылыққа ауады, артынша Торғайдағы мектепте жұмыс істеуге рұқсат алады. Алайда мектеп бірден ашылмай, балаларды үйінде оқытады.
Ол ғұмырын қазақ баласын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен. Торғай мектебі 1874 жылы ашылып, алғаш болып 14 бала қабылданады.
«Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім», – деген Алтынсарин осы оқиға жайлы.
Ол қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.
1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арнап жазылған алғашқы оқулық «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді. Ол жердегі өлеңі оқушылардың ұранына айналды:
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы 17 шілдеде өмірден өтті.
Жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығы
Ақын, «ХХ ғасыр Гомері» атанған Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде туған.
Жастайынан аты шыққан Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, батасын алған.
Жамбыл 90-ға келгенде Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын ашты. Жамбыл сол жылы «Еңбек Қызыл туы» орденімен марапатталған.
Жамбыл 1945 жылы Алматы облысында 99 жасында дүниеден өтті.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында туған.
Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Әлиханның туған інісі Смахан Төре Нұрмұхамедұлының естеліктерінде былай делінген:
«Жас күнінде асықты көп ойнайды екен. Ұтқан балаға асығын береді екен. Жасы үлкен, зорлықшыл баланы сабайды екен. Алтыбақан тепкенде, әйгөлек ойнағанда, зорлық қылған қыз-келіншек, бозбаланы «тыныш отыр» деп жайғастырып қояды екен. Ел көшкенде түйесі ауған балалы қатындардың түйесін басып береді екен. Шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен».
Әлихан Бөкейхан 1916 жылы қоғамдық, саяси өмірге араласады. Одан кейін қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақ құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Алайда кейіннен Әлихан Мәскеуге жер аударылады. Оған дейін большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатады.
Әлихан Бөкейхан жалған айыппен Мәскеуде 1937 жылдың 27 қыркүйегінде өлім жазасына кесіледі.
Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы
Қазақстанның халық әртісі, композитор, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов 1906 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Ахмет 1932 жылы Ленинград консерваториясын бітіріп шыққаннан кейін, көркемөнер академиясы аспирантурасына оқуға түседі.
1933 жылдың басында Қазақстан өлкелік партия комитеті мен халық ағарту комиссариатының шақыруы бойынша Ахмет Жұбанов Алматыға келіп, музыка училищесі оқу бөлімінің бастығы болып істейді. Музыка тарихы мен теориясынан лекция оқиды.
1934 жылы Қазақстанның Орталық атқару комитетінің қаулысы бойынша қазіргі Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Оркестрдің дирижері және көркемдік жағын басқарушы болып Ахмет Жұбанов тағайындалды.
Ахмет Жұбанов композитор ретінде шығармашылығын 1938 жылы бастады. Ол Құрманғазы атындағы халық музыка аспаптары оркестріне арнап «Абай поэмасын», «Құрманғазы маршын», «Қазақ маршын» және «Би күйі» атты музыкалық шығармалар жазды.
1945 жылы Ахмет Жұбанов композитор Латиф Хамидимен бірігіп Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша «Абай», «Төлеген Тоқтаров» операларын жазған.
Ол 1968 жылы Алматыда 62 жасында өмірден өтті.
Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы
Ақын Бәкір Тәжібаев 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында туған.
Ұлы Жасұлан Тәжібаевтың сұхбаттарының бірінде «соғыс жылдары әкем жасы толмағандықтан әскерге алынбаған. Бірақ ел-жұртпен бірдей сол кезеңнің жоқшылығын, ауыртпалығын толығымен көрген. Кейін ол соғыс жылдарын көп еске түсірмейтін, бірақ сол уақыттарда қиналғанын байқайтынбыз» деген.
Бәкір Тәжібаевтың «Әлия», «Ақбұлақ», «Гүлсің-ау», «Жас дәурен», «Аппағым», «Іңкәрім» әндерінің авторы.
«Іңкәрім» әні жайлы да қызық дерек бар. Бұл әннің жазылуына себепкер – қазақтың аяулы қызы, өнер қайраткері Роза Бағланова апамыз. Бір күні Роза апамыз әкем мен композитор Төлеген Мұхамеджановқа телефон шалып, «кешке үйге келіңдер, айтарым бар» деп шақырады. Роза апам қонақтарына «маған «іңкәрім» деген сөз ұнайды, осы сөзді қатыстырып ән жазып беріңдер» деп қолқа салады. Роза апамыз дастарқан қамын жасағанша, әкем жарты сағатта мәтінді жазып тастайды. Төлеген аға оқып көріп, «мынау дайын ән» деп рояльға отырып, әуенін шығарған», – дейді өнерпаздың ұлы.
Бәкір Тәжібаев 1994 жылы Алматыда дүниеден өткен.
Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы
Опера әншісі, педагог Ермек Серкебаев 1926 жылы Петропавлда дүниеге келген.
Әкесі – Бекмұхамед Құсайынұлы, анасы – Зылиха Сабырқызы. Бірінші некеден екі ұлы бар: Алмас және Байғали Серкебаев (А-студио тобының жетекшісі). Екінші некесінен Ирина есімді қызы бар.
«1937 жылы Алма-Атаға көшіп келдік. Балалық шағымдағы Алма-Ата жап-жасыл еді, арықтарда су сылдырап ағып жататын, жан-жақта алма ағаштары өсетін. Заман ауыр болды, ол уақыт әлі күнге дейін есімде. Тұрмысымыз жұпыны болды, арасында аш та болдық. Әкем қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
Мен орыс мектебін бітірдім, жазуым көркем еді, сол себепті әкемнің қолжазбаларын көшіріп жазатынмын, сол арқылы қазақ грамматикасын меңгердім», – деген Серкебаев естелігінде.
1957 жылы Шәкен Аймановтың музыкалық комедиясында ойнап, Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее» әнін орындады. Сол арқылы көпшілікке танылды.
Ермек Серкебаев 2013 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Кеңсай зиратында жерленген.
Қазақ киносының құлагері
Биылғы мерейтойлар арасында кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы да бар. «Қазақ киносының құлагері» атанған ол 1926 жылы 2 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында дүниеге келген.
1954-1963 жылдары «Қазақфильмнің» алдыңғы буын режиссерлері Сұлтанбек Қожықовытың «Ана мен бала», «Маржан қыз», Мәжит Бегалиннің «Бұл шұғылада болған еді» фильмдерінде екінші режиссер болған.
1963 жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша фильм түсірді.
«Басты рөлдегі Қожаны іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмаған. Бір күні шапқылап, осы Максим Горький атындағы орталық паркке, ол кезде «Қайрат», «Динамо» деп аталатын командалар стадионда ойнайтын, бас сұққан едік. Қазіргі «Қайрат» командасының бір топ ойыншысы екіге бөлініп, жаттығу жасап, ойнап жатыр екен. Әр жерде бірен-саран жанкүйер отыр. Тағы бір жерде бір қара домалақ, жас бала анасының қолынан бірде өзінше күйініп, бірде сүйсініп, қызына сөйлеп, қателік жіберген сәттерін «ой, түсу керек еді, былай істеу керек еді» деп жорық көрсеткендей кейіп отырды. Бізге де керек бала дәл осы тіліпкес, қызба бала болатын. «Жерден жеті қоян тапқандай» әлгі баланы қолқа салып, Қожамызды ойнаттық. Ол бала – Нұрлан Сегізбаев, белгілі футболшымыз Темір Сегізбаевтың інісі болып шықты», – делінген Абдолла Қарсақбаев туралы естеліктерде.
Абдолла Қарсақбаев 1983 жылы Алматыда өмірден өтті.
Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл
1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында Қазақстанды 24 жылдан астам уақыт басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен алынды. Ал оның орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалды.
Бұған наразы болған жастар 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына жиналған. Алматыдан басқа да өңірлерде басталған акцияны тоқтату үшін Совет билігі күш қолдануға көшеді. Алаңға жиналғандарды ұрып-соғу, жаппай қамау, соттау әрекеттеріне барады. Тіпті өлім жазасына кескен. Оның бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Ол 1988 жылы Семей түрмесінде қаза тапты.
«…Шынтуайтқа келетін болсақ, желтоқсанның 17-сі күні сағат 18-де шеруге қатысушыларды күштеп тарату туралы алғашқы шешімді Орталықтың мақұлдауымен жергілікті басшылар қабылдады. Күшпен тарату жөніндегі тікелей бұйрықты Қазақ ССР Ішкі істер министрі Г.Н. Князев берді. Сол сәттен бастап Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталды. Алматыға арнайы жіберілген СОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының бұрынғы мүшесі М.С. Соломенцев те желтоқсан оқиғасының шын мәнін бұрмалауға өз үлесін қосты. СССР-ның барлық бұқаралық құралдары арқылы маскүнемдер мен нашақорлардың бұзақылық, ұлтшылдық әрекеттері туралы хабарлар оның тікелей қатысуымен берілді», – деген Мұхтар Шаханов Желтоқсан көтерілісі жайлы.
Шаханов өз сөзінде дене жарақатын алған адамдардың саны бойынша да толық емес деректер келтірілгенін айтқан.
Алматы қалалық атқару комитетінен алынған мәліметтерде олардың саны – 763, қалалық ішкі істер басқармасында – 1001, Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен прокуратурасында – 1137 адам, сол сияқты республика Денсаулық сақтау министрлігі жапа шеккен 1230 адам туралы қорытынды берді. Жедел жәрдемнің 20 бригадасы қаланың емдеу мекемелеріне 540 адам әкелген. Комиссия сарапшыларының деректері бойынша, 1722-ден астам адам жараланған. Бірақ бұл деректер де толық емес, оған мына негіздер айғақ:
- жарақат алған шеруге қатысушылар жауапкершілікке тартылудан қорқып, медициналық көмек беретін орынға бармаған, өйткені, барлық емдеу мекемелерінде сол күндері Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері медициналық жәрдем сұрап келгендерді тіркеп отырды;
- емдеу мекемелерінен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлерінің аурудың жеке кітапшасын алып кеткен фактілері де бар, бұл көмек сұрап келіп тіркелгендердің жалпы санын бұрмалайды;
- тіркеуден өткізбей медициналық көмек көрсетілген фактілер болған.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы
Биыл Қазақстанның Тәуелсіз ел болғанына 35 жыл толады. 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып шыға бастады. Ішінде Қазақстан да бар.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы кеңес «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Сол сәттен Тәуелсіз Қазақстан тарихы басталды.
Қазақстанның егемендігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда елшілігін ашты.
16 желтоқсан сол күннен бастап Тәуелсіздік күні ретінде атап өтіледі.