Атырауда жоғалып кеткен отбасындағы екі адамның денесі табылды

Атырау облысының полиция департаменті хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіті табылғаны туралы ақпаратты растады.
«Атырау облысының Қызылқоға ауданында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Осы факті бойынша кісі өлтіру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталды», – делінген полиция хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, полиция осы іске қатысты кісі өлтіру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұдан бөлек, іс-түссіз кеткен тағы екі адамды іздеу жалғасуда.
Қазіргі уақытта полиция күдіктілерді іздестіру және ұстау мақсатында тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 25 желтоқсанында облыстық полиция іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялаған. Кейінірек полиция олардан бөлек, осы отбасының қызы күйеу баласы да жоғалғанын жария еткен.