Ерболат Досаевтың әйелі декларациясында 2,3 млрд теңге табыс тапқанын көрсеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей азаматы Досаевқа шағымданды
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматының экс-әкімі, қазір ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ерболат Досаев декларациясында 2024 жылы (әкім болып тұрған кезінде) 14 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Ал жұбайы Гүлнар Досаева сол жылы 2,3 млрд теңге кіріс алған. Бұл туралы Ақорда сайтындағы декларация мәліметінде жарияланған.

Декларацияда көрсетілген мәліметке сәйкес, Президент Әкімшілігіндегі кейбір шенеуніктер 2024 жылы жеке табысын көрсетпей, негізгі кірісті жұбайлары жариялаған.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов декларациясында өз табысын нөл деп көрсеткен. Ал оның жұбайы 2024 жылы 24,9 млн теңге табыс тапқанын мәлімдеген.

Президент көмекшісі Қуанышбек Есекeeв те жылдық табысын көрсетпеген. Оның жұбайы Мадина Бектұрғанова 48 млн теңге көлемінде кіріс жариялаған.

Президенттің кеңесшісі Алексей Цой да декларациясында нөлдік табыс көрсеткен. Ал жұбайы Жанна Цойдың жылдық кірісі 1 млн теңгені құраған.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов табысының болмағанын мәлімдесе, жұбайы 2,6 млн теңге кіріс көрсеткен.

Сонымен қатар вице-министрлер мен дипломаттардың әйелдері де 2024 жылға декларация тапсырған. Министрлерден тек Серік Жұманғариннің табысы ашық жарияланған.

Сондай-ақ оқыңыз