Иран үкіметі 80 млн адамға айына 7 доллардан төлемекші

Елдегі жаппай көтерілістерді басу үшін Иран үкіметі жаңа әлеуметтік бағдарламаны жариялады. Билік тұрғындарға айына жеті доллардан төлеуге дайын деп жазады халықаралық басылымдар.
Жаңа бағдарлама туралы Иран үкіметінің ресми өкілі, үкіметтің баспасөз хатшысы Фатема Мохажерани жариялады. Жоспар бойынша, әлеуметтік төлем 80 миллион адамды қамтиды. Төлем 4 айға арналған және кредит түрінде беріледі, сонымен қатар ол нақты ақша емес, белгіленген тауарларды сатып алуға арналған.
«Төлемдер бағдарламасы ел бойынша 78 қала мен 222 елді мекенді қамтыған жаппай наразылықтар аясында жарияланды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, акцияға шығушылар Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи режимін құлатуды ашық талап етуде. Бұл қазіргі наразылық толқынын соңғы жылдардағы ең ірі толқулардың біріне айналдырды», – деп атап өтеді Bloomberg.
Қазір Иран экономикасы айтарлықтай қысымға ұшырап отыр: ұлттық валюта құнының жартысынан астамын жоғалтты, ал жылдық орташа инфляция 42,2 пайызға жетті. Негізгі тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі миллиондаған отбасының өмір сүру деңгейіне соққы болып тиді.
Елдегі көтерілістер өткен жылдың соңында басталды. Көшеге шыққан халық ұлттық валютаның құнсыздануына наразы болып жатыр.