КҚК-ға жасалған соққыларды қолдағандардың үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды

Каспий құбыр консорциумына жасалған соққыларды қолдаған қазақстандықтардың үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды.
2025 жылы 17 желтоқсанда Астана қаласының полициясы алғаш рет тергеу бастағаны белгілі болып отыр.
«Тергеушілер Қылмыстық кодекстің 174-бабы – «Ұлт араздығын қоздыру» бойынша әрекет етуде. Құқық қорғау органдары жазбалар мен пікірлердің авторларын анықтап, олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беру үшін дәлелдер жинауда», – делінген Бас прокуратураның депутат Сарымның сауалына берген жауабында.
Бас прокурор Берік Асылов ведомство бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен өзге де заңға қайшы контентті таратуға жол берілмейтіні жөнінде ескерткенін атап өтті.
Айта кететін жайт, қараша айының соңында украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары Каспий құбыр консорциумына шабуыл жасаған болатын.
Желіде кейбір қазақстандықтар бұл шабуылды қолдап пікір білдірді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор Берік Асыловқа және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға осындай мәлімдемелер үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс жасаған еді.