Мектеп мұғалімдерін күндіз-түні кезекшілік атқаруға мәжбүрлеген

Өзбекстанда педагогтер 25 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін тәулік бойы кезекшілікке тартылған. Бұл – №37 мектеп директоры Хасанбай Нишоновтың бұйрығы.
Kun.uz ақпаратына қарағанда, 5 демалыс күнінде де мұғалімдер мектепте қалып, екі ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ондағы мақсат – «мектептегі тыныштық пен тәртіпті, ұжымның қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету».
Ферғана облысы Бувайдин ауданының №37 мектебінің мұғалімдері осындай шағым жасап отыр. Онда қызметкерлер 25 желтоқсаннан бастап мектепте қалып, кезекшілік атқаруға мәжбүр болғаны айтылған. Хат авторларының мәлімдеуінше, олар ресми демалыс күндері – 31 желтоқсаннан 4 қаңтарға дейін де мектепте болған.
«Егер кезекшілікке шықпасаң, сағаттарыңды алып қоямыз деді. Мұғалімдерді мәжбүрледі. Күндіз әйелдер, түнде ер адамдар қалды. Мұндай директорға шара қолдануға бола ма? Осы жағдайды жариялауыңызды сұраймыз», – дейді педагогтердің бірі.
Кезекшілік күндері түсірілген бейнежазбалар мен Telegram желісінде жазысқан хаттарының скриншоттарынан да демалыс күндері мұғалімдердің мектепте болғаны көрінеді.
«Міне, біз бүгін кезекшіліктеміз. 31 желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы. Ескі жылды шығарып, жаңасын қарсы алып отырмыз. Мухлиса қызымен келді, қызы ұйықтап қалды. Біз мектепте кезекшілікте отырмыз. Сағат 12:00-де келдік. Бізге дейін кезекшілікте болғандар болды ма, білмейміз. Мұндай нәрсе заңдарымызда бар ма, білмеймін», – дейді видеоны түсіргендердің бірі.
Мұның алдында қазақстандық мұғалімдер салалық кәсіподақтарға мәжбүрлі түрде мүше болуды тоқтатып, жарна төлеу жүйесін толықтай ерікті және ашық ету туралы талаппен петиция жариялаған.