2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 6,8 трлн теңге жұмсалады

2026 жылы Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласына республикалық бюджеттен 6,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15,1%-ға немесе 897,7 млрд теңгеге көп. Аталған шығын жалпы ішкі өнімнің 3,7%-ын, ал республикалық бюджеттің төрттен бір бөлігін құрайды.
Бюджетте көзделген қаражаттың негізгі бөлігі азаматтарға тікелей төленетін әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Атап айтқанда, шығыстың 99,3%-ы немесе 6 трлн 783 млрд теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ.
Оның ішінде 4,9 трлн теңге зейнетақымен қамсыздандыруға бөлінеді. Бұл қаражат 2,6 млн зейнеткерге зейнетақы төлеуге мүмкіндік береді. Ал 1,9 трлн теңге түрлі мемлекеттік жәрдемақыларға қарастырылып, шамамен 2,3 млн адамды қамтиды.
Қалған қаражат мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек көрсету, есту қабілеті бұзылған балаларды есту-сөйлеу арқылы оңалту, оңалту орталықтарын салуға, сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге байланысты қызметтерді қамтамасыз етуге бағытталады.
Қазір республикалық бюджет есебінен әлеуметтік төлемдердің 41 түрі, оның ішінде базалық және ынтымақты зейнетақы төленеді. 2025 жылы осы мақсатқа 5,8 трлн млрд теңге бөлініп, 4,6 млн адамға әлеуметтік төлем жүргізілді. Оның ішінде шамамен 2,5 млн зейнеткер және 2,1 млн-нан астам жәрдемақы алушы бар.
2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болды. Ал ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 85 мың теңге болып қалды. Биыл зейнетақы мен жәрдемақы қанша пайызға өскенін мына материалдан оқи аласыздар.