Зейнетақы қорынан тіс емдеуге 200 млрд теңге заңсыз алынған

42 стоматология арқылы зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шығарылған. Клиника қызметкерлері жалған құжат жасап, қордағы қаржыны алуға көмектескен.
Қаржы мониторингі агенттігі стоматологиялық клиникалардың басшылары мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Олар азаматтардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы» қаражатын заңсыз жолмен шығарды деген күдікке ілінген.
Тергеу дерегінше, зейнетақы ақшасына стоматологиялық қызмет көрсету туралы формалды келісімшарттар жасалып, жалған медициналық құжат рәсімдеу арқылы алынған. Осындай «қызметі» үшін күдіктілер шешіп алынған соманың 10–20 пайызы көлемінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.
Қылмыстық схемаға барлығы 42 стоматологиялық клиника тартылған. Олардың көмегімен 200 млрд теңге қаражат қолма-қол шығарылғаны анықталды.
Заңсыз табыс есебінен күдіктілер қымбат пәтер мен көлік сатып алып, сондай-ақ жаңа стоматологиялық клиника ашқан. Бұл нысандар мүлікті жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімделген.
Қазіргі таңда 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды, тағы үш адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Сонымен қатар, медицина мекемелерінің дәрігерлері жүйелі түрде заңсыз сыйақы алып, дәрігер-консультациялық комиссиялардың жалған қорытындысын берген. Бұл бағытта алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрайды.
Аталған фактілер бойынша бірнеше сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы жинағын пайдаланған азаматтарға қатысты іс ашылмайды.
Зейнетақы қорындағы жеткілікті шектен асатын қаржыны заңсыз пайдалану дерегі көбейген соң, БЖЗҚ қаржысы тіс пен көз емдеу, пластикалық операция жасауға да берілмейтін болды.