Ірі шенеуніктер мен дипломаттардың жұбайлары 2024 жылы қанша табыс тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Шенеуніктер мен дипломаттардың декларациясы жарияланды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Министрліктердің сайттарында вице-министрлер мен жұбайларының 2024 жылы дербес салық салуға жататын кіріс декларациясы жариялана бастады. Алайда құжаттарда негізінен лауазымды тұлғалардың өз табысы емес, жұбайының кірісі көрсетілген.

Мемлекеттік органдар жағдайды декларацияларда тек қосымша табыстар ашық жарияланатымен түсіндіреді. Ал шенеуніктердің негізгі кірісі саналатын жалақы бөлек есептелетіндіктен, декларацияға енгізілмеген.

Қазіргі таңда табыс туралы мәліметтер алты ведомствоның сайтында жарияланған. Атап айтқанда, Ұлттық экономика, Қаржы, Қорғаныс, Көлік, Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің сайтында орналасқан. Үкімет мүшелері арасынан әзірге Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің ғана отбасы табысы жарияланған.

Ұлттық экономика министрлігінің сайтындағы мәліметке сәйкес, Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықова 2024 жылы 88,7 млн теңге табыс тапқан. Құжатта қаражат бағалы қағаздар нарығына салынған инвестициялардан алынған дивидендтер мен сыйақы есебінен қалыптасқаны көрсетілген. Бұл сома дербес салық салуға жататын кіріс ретінде рәсімделген. Сонымен қатар осы ведомствода вице-министр Асан Дарбаевтың жұбайы Гүлнұр Дарбаева да жоғары табыс алған. Оның жылдық кірісі 69,6 млн теңгені құраған.

Қаржы министрлігінің декларациясында вице-министр Әсет Тұрысовтың жұбайы Жібек Турысованың табысы жарияланған. Ресми мәліметке сәйкес, оның 2024 жылғы дербес салық салынатын жалпы кірісі 6,8 млн теңге болған. Ал вице-министрдің өз табысы құжатта көрсетілмеген.

Басқа ведомстволардағы деректер де айтарлықтай айырмашылық барын аңғартады. Мәселен, Қорғаныс министрлігінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі вице-министр Қаныш Әбубәкіровтің жұбайы Майра Қожатай 2024 жылы 34 млн теңге табыс тапқан.

Ал Сауда және интеграция министрлігінде вице-министр Әсет Нүсіповтің жұбайы Мәдина Мұнайтпасованың жылдық жылдық кірісі 450 мың теңгені ғана құраса, Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың жұбайы Нұргүл Ластаева 5,3 млн теңге табыс көрсеткен.

Дипломат жұбайының табысы қандай

Ең назар аударарлық деректер Сыртқы істер министрлігі жариялаған декларациялардан байқалды. Онда жеті қазақстандық елші мен жұбайларының табысы көрсетілген. Бірқатар жағдайда дипломаттардың өз кірісі 0 теңге деп көрсетілген.

Мәселен, Қазақстанның Эстониядағы елшісі Алтай Көлгінов 2024 жыл үшін табыс көрсетпеген, ал оның жұбайы Жанар Келімбетова 16,97 млн теңге табыс тапқан.

Қытайдағы елші Шахрат Нұрышевтың да кірісі 0 теңге болып көрсетіліп, оның жұбайы Алия Нұрышеваның табысы 12,33 млн теңгені құраған. Осындай жағдай Швециядағы елші Олжас Сүлейменовке қатысты да байқалады: оның табысы 0 теңге, ал жұбайы Жанар Пірімбетованың кірісі 26 550 теңге деп көрсетілген.

Ирандағы төтенше елші Оңталап Оңалбаев декларацияда табысын 0 теңге деп көрсетсе, жұбайы Света Балқыбаева 1,2 млн теңге табыс тапқан.

Сонымен бірге кейбір елшілер жеке табысын декларациялаған. Атап айтқанда, Эфиопиядағы елші Барлыбай Садықов 3,38 млн теңге, жұбайы Лунара Абильдаева 0 теңге деп көрсеткен.

Франциядағы елші Гүлсара Арыстанқұлова 2,64 млн теңге табыс көрсеткен. Ал жолдасы Дұғалов Ғалымжанның декларацияда көрсететін табысы болмаған.

Солтүстік Македониядағы елші Сатыбалды Бұршақовтың табысы 875 мың теңгені, оның жұбайы Қаракешова Майраның табысы 25 мың теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз