Банктер беретін нарықтық ипотека жаз ортасына дейін қымбат болмақ

Ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 2026 жылдың шілдесіне дейін 25 пайыз деңгейінде қалады. Бұған дейін нарықты реттеуші ипотеканың пайызын бірнеше рет 20 пайызға дейін түсіруге оқталған. Бірақ екі рет кейінге шегерді. Алғашқысында банктер дайын емес десе, екіншіде базалық мөлшерлеме тым жоғары болғандықтан кейінге қалдырды.
2025 жылғы 24 желтоқсанда Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бірлескен қаулы қабылдап, ипотека пайызы жазға дейін жоғары болатынын тағы растады. Реттеушінің түсіндіруінше, қазіргі жағдайда ипотекалық мөлшерлемені төмендету банктер үшін үлкен тәуекел туғызуы мүмкін.
Бұған негізгі себеп – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы. Қазір базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде тұр.
Осындай жағдайда ипотека бойынша шекті мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету банктердің ипотека беруін қысқартуына әкеп соғады. Яғни қазірдің өзінде мақұлданған өтінімдердің бір бөлігі орындалмай қалуы мүмкін.
Қаулыға сәйкес, 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кредиттер бойынша келесі ең жоғары мөлшерлеме қолданылады: кепілсіз банктік қарыздар үшін – 46%, кепілмен берілетін қарыздар үшін – 35%, ал ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін – 25%.