Алматы облысында 15 млрд теңгеге сүт фермасы салынады

Алматы облысының Қонаев қаласында ірі инвестициялық агроөнеркәсіп жобасы іске асырылмақ. Мұнда 1 200 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауарлы ферма салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Ферманың жобалық қуаты жылына 13 мың тонна немесе шамамен 13 млн литр сүт өндіруге жетеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы аумағы 1 955 гектар жер телімі бөлінген. Оның алғашқы кезеңінде 700 гектар алқапта малға азық дақылдарын егуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнімділікті арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану көзделген.
Инвестиция көлемі 15 млрд теңгеден асады. Жобаны іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін деп есептелген. «Интерфакс» агенттігінің дерегіше, инвестор ретінде «Молочная долина» ЖШС қатысып отыр. Аталмыш компания иесі – Елдар Тұяқов.
Бұған дейін Алматы облысында 88 млрд теңгеге үй жануарларына дайын азық-түлік өндіретін зауыт салынатыны хабарланған.