Жұмыс беруші төлейтін зейнетақы жарнасы 3,5%-ға жетті

2026 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда жұмыс берушінің өз қызметкері үшін төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы қызметкер жалақысының 3,5%-на дейін жетті. Бұл жарна қызметкердің жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз қаражатынан төленеді.
Бұл мөлшерлеме бірден емес, жыл сайын өсіп келеді:
- 2024 жылы – 1,5%,
- 2025 жылы – 2,5%,
- 2026 жылы – 3,5%,
- 2027 жылы – 4,5%,
- 2028 жылы – 5%-ды құрайды.
Жұмыс берушілер бұл жарнаны 2024 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударып келеді. Осылайша зейнетақы жүйесіне жұмыс беруші де қатыса бастады.
Жаңа жарна негізінен 1975 жылы және одан кейін туған азаматтарға арналған. Себебі олардың көпшілігінде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе аз, ал бұл болашақ зейнетақы мөлшеріне әсер етеді. Енді мұндай азаматтардың зейнетақысы үш көзден құралады:
- мемлекет төлейтін базалық зейнетақы;
- қызметкердің өзі аударған міндетті зейнетақы жарнасы;
- жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы.
Алайда қызметкерлердің бәріне бірдей бұл жарна төленбейді. Жұмыс берушілер 1975 жылға дейін туған азаматтар, зейнет жасына жеткендер, I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ әскери қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады.
Жұмыс беруші төлеген зейнетақы жарнасы есебінен төлемдер зейнетке шыққаннан кейін өмір бойы төленеді. Бірақ егер адам шетелге тұрақты тұруға көшсе немесе Қазақстан азаматтығынан бас тартса, бұл төлемдер тоқтатылады. Мұндай жағдайда ол тек өзінің жеке зейнетақы шотында жиналған ақшаны ғана ала алады.
Маңызды жайт – жұмыс беруші төлеген жарналар адамның жеке меншігі болып саналмайды. Бұл қаражат шартты зейнетақы шоттарында есепке алынады, мұраға қалдырылмайды. Адам қайтыс болғанда немесе азаматтығын өзгерткенде, бұрын төленген бұл қаражат қорда қалып, басқа қатысушылардың зейнетақысын төлеуге пайдаланылады.
2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті. Жоспарға сәйкес, бюджет шығынының төрттен бір бөлігі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.