Қытай көліктері Еуропада кеңінен ұсынылған, бірақ сұраныс әлі төмен

Соңғы жылдары Қытайдың автокөлік өндірушілері әлемдік нарықтарға шығуға белсенді түрде күш салып жатыр. Еуропа бұл үрдістен сырт қалған жоқ. Қытай автомобиль брендтері қазіргі уақытта еуропалық автосалондарды жаңа көліктермен толтырып, жоғары сапа, заманауи технологиялар мен тиімді бағаларды ұсынуға уәде етіп отыр. Осындай жаңалықтарға қарамастан, еуропалық тұтынушылар әлі де қытайлық маркаларды сатып алуға асықпайды. Оның себебі не?
Қытай автокөлік өнеркәсібі қарқынды дамып жатыр
2010-шы жылдардың ортасынан бастап Geely, BYD, Chery, Great Wall сияқты Қытай компаниялары өздерінің халықаралық нарықтағы үлесін күшейтті. Осы уақыттан бері аталған көліктер Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде танымал бола бастады. Ал қазір олар Еуропа нарығына да белсенді түрде шығып жатыр.
Мәселен, 2025 жылы қытайлық брендтер Еуропадағы үлесін арттырды. Нидерландыда былтыр таныстырылған 69 жаңа автомобильдің жиырма төрті, яғни үштен бірі Бейжің маркаларына тиесілі болды. Оған BYD, Leapmotor, Changan, Hongqi, Lynk & Co, MG, Omoda, Smart, Voyah, Xpeng сияқты көптеген брендтер кірді. BYD мен Leapmotor маркалары аталған нарыққа жаңа көлік әкелу бойынша алда – әрқайсысы төрт модельден ұсынды. Бұл үрдісті Қытай автокөліктерінің еуропалық нарықта танымал болу жолындағы алғашқы қадамдары деп қарауға болады. Мұнда жаңа технологиялар мен электромобильдерге деген сұраныс жоғары.
Алайда осыған қарамастан Қытай маркаларының аймақтағы үлесі әлі де аз. 2025 жылдың қаңтарынан қараша айына дейін Нидерландыда ең көп сатылған «аспан асты елі» маркасы BYD болды. Жалпы саны 3 773 автомобиль сатылып, нарықтағы үлесі 1,10%-ды құрады. Одан кейін Lynk & Co және Leapmotor келеді. Бұл көрсеткіштер дәстүрлі еуропалық маркаларға қарағанда төмен. Бірақ сарапшылар соңғы жылдары еуропалықтар арасында қытайлық модельдерге деген қызығушылықтың тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтады.
Еуропалық тұтынушылар тарихы бар брендтерге ұмтылады
Қытай автокөліктерінің барлық артықшылығына қарамастан, еуропалық тұтынушылар оларға әлі де сақтықпен қарайды. Себебі сапасына қатысты күмән басым. Еуропалықтар неміс, француз, жапон маркаларына үйреніп қалған. Себебі олардың сапасы мықты, талай сынақтан өткен. Ал көптеген қытайлық маркалар Еуропа нарығында толықтай сенім қалыптастыра алмай отыр. Әсіресе, Германия мен Франция сияқты елдерде автомобиль мәдениеті мен тұтынушылық таңдау дәстүрлі брендтерге қарай қалыптасқан.
Электромобильдер және экология – басты факторлар
Made in China-ның дәстүрлі темір тұлпарларына қарағанда «жасыл» көліктері Еуропа нарығында сұранысқа ие. Бейжің ұзақ уақыт бойы электр көліктерін өндіруде көшбасшы болды және олардың көпшілігі еуропалық жолдарда жақсы нәтижелер көрсетті. Мысалы, BYD Tang EV сияқты модельдер еуропалық стандарттарға толық сай келеді. Сондықтан аталған факторлар болашақта ұсыныс пен сұранысты теңестіруге ықпал етуі мүмкін.
Күмән бар, қорқыныш басым
Еуропа нарығында танымал болуға қытайлық автокөлік маркаларының сапасы мен беделіне қатысты күмәндар кедергі келтіріп отыр. Дегенмен өндірушілер көліктерін жетілдіріп, өндірістік процестерін модернизациялап, жаңа технологияларды енгізіп жатқаны рас. Бұл болашақта қоғамдық пікірді өзгертуі мүмкін.
Қытай компаниялары Еуропада зауыттар мен өндіріс отырдарын ашып, сапаны арттыруға және көліктердің бағасын төмендетуге мүмкіндік алып жатыр. Бұл еуропалық тұтынушылардың қажеттіліктеріне бейімделуге мүмкіндік береді.
Дегенмен жаңа брендтердің Еуропада кең таралып, танымал болуына әлі де уақыт қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Макашева ел нарығына қатысты болжамымен бөліскен еді. Салық, импорт, электромобильдердің болашағына қатысты ойын айтты.