Мегаполистер бюджеті: 2026 жылдың бюджеті қандай

Жарияланды
фото: shutterstock.com

Қазақстанның экономикалық ландшафтында мегаполистердің рөлі жыл сайын артып келеді. Астана, Алматы және Шымкент – тек халық саны мен инвестиция көлемі бойынша ғана емес, бюджеттік архитектурасы, кіріс құрылымы және шығыс басымдықтары арқылы да бір-бірінен айқын ерекшеленеді. 2026–2028 жылдарға арналған бюджет болжамдары мен 2026 жылғы шығыс құрылымына қарасақ, бұл үш қала – Қазақстандағы урбанистік дамудың үш түрлі моделін көрсетіп отыр.

Кірістер динамикасы: масштаб пен қарқын айырмасы

Алдымен бюджет кірістеріне тоқталайық. Алматы қаласы абсолюттік көшбасшы. 2025 жылы 2,2 трлн теңгеден асатын бюджет кірісі 2028 жылға қарай 2,74 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ. Бұл – елдегі ең ірі салық базасы, шағын және орта бизнестің жоғары шоғырлануы, қаржы және қызмет көрсету секторларының басымдығының тікелей нәтижесі.

Инфографика 01: Үш қаланың бюджеті

Астана бюджеті көлемі жағынан екінші орында. 2025 жылғы 1,17 трлн теңге 2028 жылға қарай 1,35 трлн теңгеге жетеді. Өсу бар, бірақ Алматымен салыстырғанда анағұрлым баяу. Мұның себебі – Астананың экономикалық құрылымы көбіне әкімшілік, мемлекеттік және инфрақұрылымдық функцияларға тәуелді.

Шымкент – динамикасы қызық қала. 2025–2026 жылдары кіріс іс жүзінде өзгермей (817,8 → 816 млрд тг), 2027 жылдан бастап айтарлықтай өсіп, 2028 жылы 1,07 трлн теңгеге жетеді. Бұл – Шымкенттің урбанизация мен өндірістік әлеуетті іске қоса бастағанын аңғартады.

Нақты сектор: қай қала қайда инвестиция салады?

Бюджеттің «басым» бөлігі – нақты сектор. Мұнда да қалалар арасындағы айырмашылық анық.

Алматыда нақты сектор шығыстары ең ірі көлемде. Бір көліктің өзіне – 504 млрд теңге, ал тұрғын үй және коммуналдық шаруашылыққа 405 млрд теңге бөлінген. Бұл – мегаполистегі көлік тығыздығы, агломерациялық қысым және инженерлік инфрақұрылымның тозуы сияқты жүйелі проблемаларға жауап.

Инфографика 02: Астана  қаласының бюджеті

Астанада нақты секторда көлік (146,6 млрд тг) бірінші орында, одан кейін құрылыс (61,8 млрд тг). Энергетика, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй саясатына бөлінетін қаржы салыстырмалы түрде теңгерімді. Астана – әлі де «құрылып жатқан қала», сондықтан мұнда инфрақұрылымдық инвестициялар логикалық түрде басым.

Шымкенттің ерекшелігі – нақты сектор шығыстарының салыстырмалы түрде шағын болуы. Көлікке – 101 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 117,4 млрд теңге. Ал абаттандыру мен кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін қаржы өте төмен. Бұл – бюджеттік мүмкіндіктің шектеулілігін де, дамудың бастапқы кезеңін де көрсетеді.

Әлеуметтік блок: адам капиталына кім қалай қарайды?

2026 жылғы бюджет шығыстарының ең маңызды бөлігі – әлеуметтік блок.

Алматыда әлеуметтік шығыстар 700 млрд теңгеге жетіп, оның:

  • 487,2 млрд теңгесі – білім беруге,
  • 194,9 млрд теңгесі – әлеуметтік қамсыздандыруға,
  • 72,7 млрд теңгесі – денсаулық сақтауға бағытталған.

Бұл – Алматының адам капиталына, кадр сапасына және әлеуметтік тұрақтылыққа ставка жасағанын көрсетеді.

Инфографика 03: Алматы  қаласының бюджеті

Астанада әлеуметтік блок көлемі 422,7 млрд теңге. Мұнда да білім беру басым (314,9 млрд тг), бірақ денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау көлемі Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл – халық құрылымының жас болуы және миграцияның жоғары болуымен байланысты.

Шымкентте әлеуметтік блок 439 млрд теңге. Бір қарағанда Астанадан да жоғары. Алайда құрылымына үңілсек, білім беру – 343,9 млрд теңге, ал денсаулық сақтау небәрі 18,5 млрд теңге. Бұл – Шымкенттің демографиялық ерекшелігін, жас тұрғындар үлесінің көптігін көрсетсе де, медициналық инфрақұрылымға тәуекелді арттырады.

Жан басына шаққандағы бюджет: мегаполистердің нақты «салмағы»

Абсолюттік бюджет көлемі қаланың экономикалық қуатын толық ашып бере бермейді. Нақты салыстыру үшін жан басына шаққандағы бюджетке қарау маңызды. Бұл көрсеткіш қаланың әр тұрғынына шартты түрде қанша қаржы тиесілі екенін көрсетеді және урбанистік саясаттың сапасын өлшеуге мүмкіндік береді.

Бұл тұрғыда айырмашылық өте айқын:

  • Алматы1 200 мың теңге
  • Астана682 мың теңге
  • Шымкент622 мың теңге

Алматы жан басына шаққанда ең жоғары көрсеткішке ие. Бұл – қала бюджетінің ірілігі ғана емес, сонымен бірге экономикалық қайтарымдылығының жоғары екенін білдіреді. Алматыда бір тұрғынға шаққандағы бюджет Шымкенттен шамамен екі есе, Астанадан 75%-ға жуық жоғары. Мұндай айырмашылық салық базасының кеңдігімен, бизнестің тығыз шоғырлануымен және жоғары қосылған құнды секторлардың басымдығымен түсіндіріледі.

Астана екінші орында. Жан басына шаққандағы 682 мың теңге елорданың әкімшілік мәртебесіне қарамастан, бюджет тиімділігінің шектеулі екенін аңғартады. Халық санының жылдам өсуі мен көші-қон ағыны бюджет «тығыздығын» төмендетіп отыр. Яғни Астана көп қаржы жұмсайды, бірақ оны пайдаланушылар да өте көп.

Инфографика 04: Шымкент қаласының бюджеті

Шымкент ең төменгі көрсеткішке ие – 622 мың теңге. Бұл – қаланың демографиялық жүктемесінің ауырлығын көрсететін маңызды сигнал. Жас тұрғындардың үлесі жоғары, әлеуметтік сұраныс көп, ал бюджет мүмкіндігі салыстырмалы түрде шектеулі. Нәтижесінде бір тұрғынға тиесілі қаржы азаяды, бұл инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтердің сапасына ұзақ мерзімді қысым түсіреді.

Айырмашылық нені көрсетеді?

Жан басына шаққандағы бюджет:

  • Алматының экономикалық дербестігін,
  • Астананың әкімшілік-функционалдық сипатын,
  • Шымкенттің демографиялық қала екенін айқын көрсетеді.

Егер бұл динамика өзгермесе, мегаполистер арасындағы даму сапасының айырмашылығы тереңдей түсуі мүмкін. Сондықтан алдағы жылдары Шымкент үшін кіріс базасын кеңейту, Астанаға бюджеттік тиімділікті арттыру, ал Алматы үшін әлеуметтік міндеттемелерді ұстап тұру негізгі сын-қатер болмақ.

Әлемдегі ірі қалалардағы бюджет қандай?

Әлемдік тәжірибеде мегаполистер бюджеті мемлекет дамуының негізгі драйвері саналады. Нью-Йорк, Токио, Париж немесе Мәскеу болсын – ірі қалалардың қаржылық қуаты көбіне бүкіл елдің экономикалық бағытын айқындайды. Ал Қазақстандағы Алматы, Астана және Шымкенттің бюджетіне үңілсек, біз мүлде өзге, әлі қалыптасу үстіндегі модельді көреміз.

Әлемде мегаполис – «мемлекет ішіндегі мемлекет». Мысалы, Нью-Йорктің бюджеті кейбір дамушы елдердің ұлттық бюджетінен асып түседі, ал Париж агломерациясы Франция экономикасының үштен біріне жуық үлес қосады. Мұндай қалаларда бюджет жан басына шаққанда өте жоғары: 8–12 мың доллар аралығы қалыпты көрсеткіш саналады. Бұл – қаланың өз табысын өзі жинап, өз дамуын өзі қаржыландыра алатынын білдіреді. Мемлекет пен қала арасындағы қатынас көбіне серіктестік сипатта.

Әлемдік мегаполистер мен Қазақстан қалаларын салыстырғанда бір маңызды айырмашылық анық көрінеді: бізде қала – мемлекеттің шығын объектісі, ал әлемде қала – мемлекеттің табыс көзі. Нью-Йорк немесе Токио орталық бюджеттен сұрамайды, керісінше ұлттық экономиканы «асырайды». Қазақстанда керісінше, мегаполистердің өзі трансфертке тәуелді.

Бұл жағдай ұзақ мерзімде қауіпті. Өйткені урбанизация күшейген сайын, қала бюджетінің сапасы елдің әлеуметтік тұрақтылығын айқындайды. Егер мегаполис өз тұрғындарының қажеттілігін толық өтей алмаса, ол экономикалық емес, әлеуметтік проблемалардың генераторына айналады.

Сондықтан негізгі сұрақ – бюджет көлемінде емес, бюджет қатынасында. Алматы, Астана және Шымкент тек шығыс алушы емес, табыс өндіруші орталыққа айналуы тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мықты мегаполис – орталықты әлсіретпейді, керісінше мемлекетті күшейтеді. Ал мегаполис бюджеті әділетті әрі дербес болмайынша, бұл мақсатқа жету қиын.

Қорыта айтқанда, мегаполис бюджеті – қаланың ғана емес, мемлекеттің болашағы. Қазақстан осыны ертерек түсінсе, қалалар ауыртпалық емес, дамудың негізгі тірегіне айналар еді.

Сондай-ақ оқыңыз