Мәдиев дербес деректер үшін әр басшы «жеке жауапкершілік арқалайды» деп мәлімдеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Кибергигиена бойынша оқытуға 1 миллионнан астам адам қамтылған / Фото: ашықдереккөзден

Вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдің киберқауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданғанын айтты.

Үкіметте баяндама жасаған Мәдиев бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі енгізілгенін айтты. Сөзінше, азаматтардың дербес деректерін қорғауға қойылатын талаптар күшейтілген. Кибергигиена бойынша оқытуға 1 миллионнан астам адам қамтылған. Ал мемлекеттік органдарда тарихтағы ең көп тексеріс жүргізілген.

«Тексерулердің қорытындысы маңызды бір тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттық қауіпсіздікке қатысты заңнамада белгіленген талаптарды жиі бұзады. Осыған байланысты орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі мен азаматтардың дербес деректерінің сақталуына қойылатын талаптардың орындалуын бақылауды күшейту қажет», – деді ол.

Министр мемлекеттік органдарға барлық талаптар заңмен нақты белгіленген деп ескерту жасады.

«Өздеріңізге тиесілі ақпараттық жүйелерден дербес деректердің тарап кетуі үшін әрқайсыңыз жеке жауапкершілік арқалайсыздар», – деп те ескертті.

Жаслан Мәдиевке бұған дейін журналистер Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің таралып кетуі жайлы сұрақты қойған еді. Мәдиев жылдық есебінде киберқауіпсіздік тақырыбын атап өткенін айта келе, елде бірнеше заңнамалық өзгерістер енгізілгенін, биометриалық технологиялар қолданысқа кіргенін айтып өткен.

Сондай-ақ оқыңыз