ҚТЖ пойыздары мен Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады

Вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қашықтағы елді мекендерді интернетпен қамту мәселесі спутниктік байланыс жобалары арқылы шешіліп жатқанын мәлімдеді.
Үкіметте баяндама жасаған министр қазіргі таңда Қазақстанда спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істейтінін айтты. Алдағы уақытта тағы екі шетелдік компания нарыққа шығуы жоспарланып отыр. Оларға қатысты пилоттық сынақтар биыл өткізіледі.
«Сондай-ақ биыл Қазақстан темір жолы пойыздарында және Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады», – деді ол.
Байланыс мүлде жоқ аумақтарда туристік әрі жетуі қиын нысандарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жергілікті бюджет қаражаты есебінен әкімдіктердің міндетіне жатады.
Мәдиевтің сөзінше, Қазақстан Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасып, халықаралық интернет-трафиктің транзитінде маңызды рөл атқарады. Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында Каспий теңізінің түбімен Әзербайжанға дейін оптикалық талшықты кабель тарту жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі талқыланған 2026 жылдың алғашқы отырысын Үкімет басшысы Олжас Бектенов кабмин мүшелеріне ескертумен бастаған еді. Ол министрлерге «жаңаша жұмыс істей алмасаңыздар, ашық айтыңыздар» деді.