Яндекс, Uber сынды такси қызметін іске қосу өте қиын – вице-министр

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Қазақстанның ІТ-мамандары не себепті Яндекс такси, Uber сынды такси қызметінің қосымшасын жасауға кіріспейтінін түсіндірді.
Kursiv.Media тілшісі Коняшкиннен шетелдік такси сервистері Қазақстан нарығында жылына миллиардтап ақша табатынын айта келе, олармен бәсекеге түсе алатын отандық мобильді қосымшалар неге жоқтығын, отандық сондай ІТ-шешімдерді жасауға не кедергі екенін сұрады.
Коняшкиннің айтуынша, кез келген бизнес, ең алдымен, ауқымға тіреледі.
«Бір компания бүкіл әлемде жұмыс істесе, оған жаңа өнім шығарып, сервисін қолдап, жұмыс сапасын бақылау оңайырақ. Біз әдетте, стартаптарымызды қолдауға дайынбыз. Алайда бұл тұрғыда елде сапа жағынан халықаралық баламалармен бәсекелесе алатын өнім пайда болуы тиіс. Себебі бұл – нарық. Клиент әрдайым өзіне ыңғайлысын таңдайды», – дейді ол.
Вице-министрдің сөзінше, қазір отандық айтишниктер басқа жобаларға ден қойған.
«Сол себепті осы салаға бармайды, себебі Яндекс такси, Uber, Индрайвермен бәсекелесу өте қиын екенін біледі. Ол инвестициялық тұрғыдан көп шығынды да қажет етеді. Сондықтан, егер осындай өнім жасалса, шағын ІТ-стартаптан емес, елдегі ірі ІТ-жобадан басталады деп ойлаймын», – деді ол.
Kursiv.Media бұған дейін елдегі такси нарығы қалай өзгеріп жатқаны жайлы жазған еді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған байланысты Яндекс Такси жүргізушілері үшін салық төлеу тәртібі өзгерді.