Қазақстанның 95 университеті оқу жоспарына ЖИ-ге қатысты пәндерді енгізді – ҒЖБМ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жасанды интеллект университеті құрылмақ / фото: KursivMedia мұрағаты
Жасанды интеллект университеті құрылмақ / фото: KursivMedia мұрағаты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 95 университеттің оқу жоспарына ЖИ-ге қатысты пәндерді енгізгенін мәлімдеді.

Үкімет отырысында уақыт талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Министр 2025 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектті қолдану дағдылары енгізілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта 95 университет оқу жоспарына жасанды интеллектке қатысты пәндерді енгізді.

Сонымен қатар 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы ЖИ бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Сонымен қатар жасанды интеллект университеті құрылмақ. Министр университет индустрияның сұраныстарына сәйкес пәнаралық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға, сондай-ақ қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталатынын атап өтті. Оқу орны Alem.ai экожүйесіне біріктіріліп, жетекші шетелдік университеттермен және технологиялық компаниялармен әріптестікте дамиды.

«Негізгі мақсат – профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100% қамту. 100 мың студентті тарта отырып, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыру», – деді Саясат Нұрбек.

Айта кететін жайт, министрліктің алдында 2029 жылға дейін 100 мыңға жуық шетелдік студентті оқыту деген мақсат тұр.

Сондай-ақ оқыңыз