«Қажеті бар ма»: Бектенов жеке мектептер мәселесін шешуге бір апта берді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды / Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық барын айтып, аталған мәселені шешуге бір апта уақыт берді.

Үкімет отырысында Премьер-министр әлеуметтік сала приоритетті бағыт болып қала беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады. Президенттің «Түркістан» газетіне берген сұхбаты жайлы айта келе Бектенов оның ауқымды бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналғанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады деп уәде етті.

Премьер-министр Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деп атап өтті Бектенов.

Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы қажет.

Айта кетейік, 2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінді. Қаржы министрлігі бұл қаражат, ең алдымен, оқу жылының басында жиналып қалған қарызды толық өтеуге жұмсалғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз