«Salyq кэшбэк» пилоттық жобасы қайта ұзартылды

«Salyq кэшбэк» пилоттық жобасы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзартылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«Salyq кэшбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу керек. Содан кейін «Amian» арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлейді. Әр тұтынушыға сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы беріледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2025 жылы сканерленген чектер саны 26% – ға өсті, ал олардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға артты. Жоба 12 облыстың 48 ауданында: Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарында іске асырылды.
Жоба 2025 жылғы 15 наурыздан басталған еді. Бағдарлама кәсіпкерлердің бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеуге бағытталған.
«Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады.