Тау шаңғысы қайда арзан: Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Қаракөл және Ұлыдаг

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ұлыдаг Түркия
Ұлыдаг, Түркия / фото: shutterstock

Қазақстандағы ең ірі қысқы курорттар қаңтар айында бағаны бірден көтеріп жіберді, өйткені жылда дәл осы уақытта шаңғы мен сноубордқа қызығатындар тауға қарай ағылады. Kursiv.Media елдегі бағаларды Қырғызстан мен Түркиядағы демалыс орындарымен салыстырып көрді.

Шымбұлақ қысқы тау шаңғысы киіз үй
Шымбұлақтағы киіз үйлер / фото: shutterstock

Алматы маңы: Шымбұлақ, Ой-Қарағай және Ақ-Бұлақ

Шымбұлақ

Іле Алатауы бөктеріндегі Шымбұлақ тау шаңғы курорты таңғы 8:30-дан түнгі 23:00-ге дейін істейді. Табиғаты сұлу мекенді көру үшін ғана 10 мың теңге (балалар үшін 2,5 мың теңге) төлеу қажет. Осы бағаға Медеуден Шымбұлаққа көтеріліп, қайтадан түсе аласыз. Шаңғы немесе сноуборд тебу үшін біраз шығындалуға тура келеді.

Тау шаңғысына арналған киімдер мен жабдықтарды бір күнге жалға алуға болады – 10 мың теңгеден жоғары. Арқан жолдармен немесе комби кабиналарымен әр көтерілгенің үшін тағы 8 мың теңге төлейсің.

тау туризм
Шымбұлақ / фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

Ең тиімдісі – SkiPass сатып ала салу. Сол арқылы шаңғы жолдарына күні бойы бірнеше мәрте өтуге болады. Шымбұлақта бір күндік тариф 26 мың теңге тұрады, бірақ оның мерзімі таңертеңнен кешкі 18:00-ге дейін ғана жарамды. Түнде сырғанау үшін қосымша 22 мың теңгеге түнгі SkiPass сатып алу қажет болады.

Осының бәрін қоса есептегенде, Шымбұлақта таңертеңнен түнге дейін шаңғы тебу үшін бір адамға шамамен 70 мың теңге жұмсауға тура келеді. Медеуде ашық автотұрақ 500 теңге (1 сағат), жабық автотұрақ 1 мың теңге (1 сағат) тұрады. Шымбұлақтағы ашық автотұраққа электромобиль қоюға болады – сағаты 1 мың теңге.

Шымбұлақтағы шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 20 км.

Ой-Қарағай

Іле-Алатауы бөктеріндегі тағы бір курорт – Ой-Қарағай қаңтарда бағаны көтерді. «Ақ-Қайың» төрт жұлдызды қонақүйден бір тәулікке орын алу 91 мың теңгеден басталады. Ағаш үстіндегі үйлер – 111 мың, «Орман ауылы» киіз үйі – 161 мың, ал туристік ауыл кемі 150 мың.

Ой-Қарағайдағы бір күндік SkiPass Шымбұлақтан да қымбат – 27 500 теңге. Мобильді қосымшадан сатып алсаңыз, сәл арзанға түседі. Шаңғы жиынтығын бір күнге жалға алу құны – 22 мың теңге. Сноуборд жиынтығы – 15 мың теңге

Ой-Қарағай тарифтер

Ой-Қарағайда таңғы сағат 9:00-ден түнгі 23:00-ге дейін шаңғы тебу үшін орташа есеппен 80 мың теңге шығаруға тура келеді.

Ақ-Бұлақ

Шымбұлақ пен Ой-Қарағайға қарағанда, Ақ-Бұлақ тау шаңғы курортында баға сәл арзанырақ. Мұнда ересек адамға арналған бір күндік SkiPass 15 500 теңге тұрады. High Season, яғни қаңтар айының басында адам көп келетін уақытта баға көтеріледі. Жұма, сенбі күндері таңертең сағат 9:00-ден бастап түнгі 22:00-ге дейін SkiPass құны22 мың теңге.

Ақ-Бұлақ тау шаңғы курорты
фото: facebook.com/akbulak

Мұнда да 600 теңге көлемінде экотөлем, пластик карта үшін 2 мың теңге төлеуге тура келеді. Шаңғы немесе сноуборд жинағын 7-12 мың теңгеге жалға алуға болады.

Бәрін қоса есептегенде, Ақ-Бұлақта күні бойы сырғанау үшін шамамен 40 мың теңге жұмсауға болады. Шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы – 14 км. Ең ұзын бір жолдың ұзындығы – 5 км.

Ақ-Бұлақ курорты Алматы облысы Талғар ауданы Рысқұлов ауылындағы Солдат шатқалында орналасқан.

Қырғызстан мен Түркиядағы баға

Қазақстандағы бағаларды қымбатсынсаңыз, басқа да бағыттарды қарастырып көруге болады. Мәселен, тау шаңғысы көрші Қырғызстан мен қазақстандықтар жиі баратын Түркияда да айтарлықтай дамыған.

Қаракөл Қырғызстан қысқы тау шаңғысы курорты
фото: karakol-ski.kg

Қаракөл

Қырғызстанның Қаракөл қаласына жақын маңда – шамамен 30 минуттық жерде осы аттас тау шаңғы курорты орналасқан. Мұнда баға әлдеқайда арзан.

Шаңғы жолдары 20 шақырымнан асатын Қаракөлде ересек адамға бір күндік SkiPass-ты сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбіде бар болғаны 8 120 теңгеге сатып алуға болады. Жұма, сенбі, жексенбі және дүйсенбіде 9 860 теңге тұрады.

Жаңа жылдан бастап 12 қаңтарға дейін баға сәл қымбаттады – 11 600 теңге.

Қаракөл Қырғызстан қысқы тау шаңғысы курорты
фото: karakol-ski.kg

Түнде шаңғы тебу үшін қосымша 6 960 теңге төлейсіз. SkiPass картасы – 1 740 теңге. Шаңғы мен сноуборд жинағын жалға алу құны да қымбат емес – 7 500 мың теңге. Дегенмен қаладан базаға дейін жету үшін адам басына 2 900 теңге төлеу керек болады. Такси қымбатқа түседі – 14 500 теңге.

Алматыдағы туристік фирмалар үш күндік дайын турларды 135 мыңнан 150 мың теңгеге сатып жатыр.

Ұлыдаг

Қызмет көрсету сапасы жоғары болғанын қаласаңыз, Түркияның Бурса қаласы маңында орналасқан Ұлыдаг тау шаңғы курортын таңдаңыз. Мұндағы шаңғы жолының жалпы ұзындығы – шамамен 28 км.

Ұлыдаг Түркия
Ұлыдаг / фото: shutterstock

Тау бөктерінде 30 шақты қонақүй орналасқан. Олар негізінен «бәрі бірге», яғни all inclusive жүйесімен жұмыс істейді. Мұндай жүйе туристер үшін өте тиімді. Себебі SkiPass-тың өзі қонақүй ұсынған бағаға кіріп кетеді.

Бір күнге арналған SkiPass 1 700 лир, яғни шамамен 20 мың теңге тұрады. Есесіне 25 шаңғы жолы мен 25 арқан жолын еркін пайдалана аласыз. Үш жұлдызды қонақүйдегі стандарт орын шамамен 21 мың теңгеден басталады. Мұнда бес жұлдызды қонақүйлер де бар.

Қазақстан, Қырғызстан және Түркияда орналасқан тау шаңғы курорттарындағы бағаларды салыстырыңыз:

ЕлНегізгі курортСкипасс (теңге / USD)Трасса ұзындығы (км)Ерекшеліктері (all-inclusive)
ҚырғызстанКаракөл7650–10 200 теңге / 15–20 доллар20Арзан, табиғи қар
ТүркияПаландөкен11 730–17 850 теңге / 23–35 доллар28–65Ұзын трассалар; all-inclusive
ҚазақстанАқ-Бұлақ / Ой-Қарағай14 790–33 150 теңге / 29–65 доллар10–13Орташа баға; all-inclusive жоқ
ТүркияҰлыдаг20 400–22 950 теңге / 40–45 доллар25–28Комфорт; all-inclusive қонақүй көп
ҚазақстанШымбұлақ26 000 теңге / 51 доллар20Премиум; all-inclusive жоқ
ТүркияЭрджиес16 830–26 010 теңге / 33–51 доллар102–112Ең үлкен трассалар; all-inclusive, турлар бар

Арзан демалыс іздесеңіз, Қырғызстанды таңдаңыз. Қазақстанда, әсіресе, Түркияда қызмет сапасы жоғары. Елдегі демалыс орындарына жол шығыны кетпейді, бірақ Түркия шетел туристерін ұзын шаңғы жолдарымен, all-inclusive жүйесімен қызықтырады.

Сондай-ақ оқыңыз