Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
 Парламенттік реформаға қатысты 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен / фото: Ақорда
Парламенттік реформаға қатысты 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді.

Ақорданың хабарлауынша, Қарин мемлекет басшысына парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берген.

Мәселен, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінің «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында бір палаталы Парламентті қалыптастыру және оның заңнамалық функцияларын жүзеге асыру мәселелері талқыланған.

9 қаңтарға жоспарланған Жұмыс тобының кезекті жиынында қалған бағыттар бойынша ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралмақ.

Мемлекеттік кеңесші Президентке Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциялары бойынша желтоқсан айында өткен отырыстың қорытындылары және Құрылтайдың алдағы бесінші басқосуына дайындық барысы туралы баяндаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті реформалау саяси жүйені трансформациялау үдерісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанына назар аударған. Сондай-ақ барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырған.

Президент бір палаталы парламент құру туралы бастама көтеріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз