ҰҚК Шымкентте аудандық полиция басқармасының басшысы ұсталғанын растады

Жарияланды
ҰҚК Шымкентте аудандық полиция басқармасының басшысы ұсталғанын растады / Фото: Шымкент полициясы

ҰҚК Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Батырбек Мырзагелдиевтің ұсталғанын растады, деп хабарлады Kazinform ақпарат агенттігі.

Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, Мырзагелдиевтің ісі Шымкент қалалық тергеу сотына 2025 жылдың 30 желтоқсанында түскен. Бұдан бір күн бұрын осы іс бойынша адвокат Талғат Есімов өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырды. Оның жазуынша, Мырзагелдиевті ҰҚК қызметкерлері 28 желтоқсан күні ұстаған.

«Батырбек Мирзагелдиев кінәсін мойындамайды. Қорғау тарапының пікірінше, бұл Шымкент қаласының басқа аудандық полиция басқармасының өндірісіндегі қылмыстық істерден жалтару мақсатында жасалған өзге адамдардың арандатушылық әрекеті», – деп жазды адвокат.

Адвокат Мырзагелдиевтің «пара алуға» мүлде қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Мырзагелдиев ұсталған сәтінде түсірілген суреттері әлеуметтік желіде тарап кеткен. Ол аса ірі көлемде, нақтырақ айтқанда 20 млн теңге пара алды деген ақпарат шыққан. Полиция бұл ақпаратты растамаған, жоққа да шығармаған.

Сондай-ақ оқыңыз