Бір күн ішінде 11 мыңға жуық қазақстандық «VIP» нөмірге тапсырыс берді

5 қаңтардан бастап қазақстандық автокөлік жүргізушілеріне мемлекеттік нөмірлерге қалаған цифрлық және әріптік комбинацияларды таңдау мүмкіндігі қолжетімді болды. Қызмет іске қосылған алғашқы күні-ақ арнайы ХҚКО-ларда ұзын-сонар кезек пайда болды.
Бүгін, 6 қаңтарда үкімет отырысы барысында Цифрландыру және инновациялар вице-министрі Ростислав Коняшкин қазақстандықтар бір күнде 11 мыңға жуық мемлекеттік нөмірге тапсырыс бергенін мәлімдеді. Оның ішінде сұранысы жоғары санаттағы нөмірлер де бар.
Еске сала кетейік, Қазақстанда дайын нөмір таңдау үшін мемлекеттік баж салығы 2,8 АЕК-ті (2026 жылы – 12 110 теңге) құрайды. Ал қалаған комбинацияны тапсырыспен жасату 10 АЕК (43 250 теңге) тұрады, егер ол VIP-каталогқа кірмесе. VIP-нөмірлер үшін төлем 15-тен 285 АЕК-ке дейін өзгереді (64 875 – 1 232 625 теңге аралығында).
Коняшкин осы аптада әріптер мен сандардың қалаған комбинациясын онлайн форматта таңдауға мүмкіндік беретін қызмет іске қосылатынын мәлімдеді.