Астана халқының саны 1,6 миллионнан асты

Астанада халық саны 101,9 мың адамға көбейіп, өсім 6,6%-ды құрады. Бұл – еліміздегі барлық қала арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген.
2025 жылдың басында Астана тұрғындарының саны 1 528 703 болса, 1 желтоқсанға қарай 1 630 640 адамды құрады.
Өткен жылдың 11 айында Алматы қаласының халқы 52,9 мың адамға артқан (+2,31%). Шымкентте тұрғындар саны 34,8 мың адамға көбейген (+2,77%). Сондай-ақ Алматы облысының халқы 32,5 мың адамға (+2,08%) ұлғайды.
Бірқатар өңірлерде халықтың азаюы және табиғи кему байқалады. Антирейтингтің басында тұрған аймақтар:
- Солтүстік Қазақстан облысы: -7,4 мың адам;
- Абай облысы: -6,8 мың адам;
- Жамбыл облысы: -6,5 мың адам;
- Жетісу облысы: -6,4 мың адам.
Ең жоғары көші-қон өсімі Астанада тіркелді – +83,2 мың адам. Ал ең көп халық Түркістан облысынан көшіп кеткен – 39,8 мың адам, бұл өңірдегілер жаппай ірі қалаларға қоныс аударуда.
Қазақстан халқының саны
2025 жылдың 1 желтоқсанына қарай Қазақстан халқының саны 20,47 миллион адамға жетті. Жыл басынан бері халық саны 195,4 мың адамға өсті (өсім – 0,96%). Халық санының артуының негізгі факторы табиғи өсім (+181,6 мың адам), көші-қон сальдосы да оң нәтиже көрсеткен (+13,7 мың).
Урбанизация үрдісі жалғасуда, мәселен, қала халқының саны артып, ауылдағы ағайындар әдеттегідей азайып жатыр. Қалалықтар саны 239,9 мың адамға өсіп, 13 миллионға жетті. Ал ауыл халқы 44,4 мың адамға кеміп, 7,4 миллион болды.