Геннадий Головкин боксты қалай дамытатынын айтты

World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин 2026 жылға федерация басшылығы алға қойып отырған басты мақсаттары мен жоспарларын жариялады.
Головкин WB (World Boxing) даму стратегиясында спортшылар мен олардың мүдделерін қорғауға басымдық берілетінін атап өтті.
«Спортшылар – World Boxing ұйымының жүрегі және басты міндеті. Біз олардың басқару жүйесіндегі рөлін біртіндеп арттырып, іріктеу мен біліктілік алу үдерісінің ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға күш саламыз. Спортшылардың физикалық және психологиялық әл-ауқатына, сондай-ақ кеңесші және өкілдік құрылымдарға толыққанды қатысуына ерекше назар аударылады», – делінген World Boxing хабарламасында.
Сөзден іске…
Головкин басқару тетіктері ашық болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ іріктеу рәсімдерінің әділдігі және спортшылардың шешім қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуы ұйымның ұзақ мерзімді дамуының негізі болуы керектігін атап өтті.
«Мен сөзден гөрі іспен дәлелдегенді жөн көретін адам екенімді білесіздер. Сол себепті барлық мүше елдермен тұрақты байланыста болуға ниеттімін және алдағы жылы сіздермен тығыз жұмыс істеуді асыға күтемін. Біз бірге World Boxing ұйымының табысты әрі тұрақты болашағының берік іргетасын қалай аламыз деп сенемін. 2026 жыл баршамыз үшін ауызбіршілік пен нәтижелі еңбек, нақты ілгерілеу мен ортақ жетістіктер жылы болсын», – деді Головкин.
Еске салайық, Геннадий Головкин 2025 жылдың соңында World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Бұған дейін ол ұйымның Олимпиада жөніндегі комиссиясын басқарған және оның стратегиялық бағытын айқындауға белсенді атсалысқан.