Еуропа Трамптың Гренландия туралы мәлімдемесін сынады

Бірнеше Еуропа елдерінің көшбасшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны Американың бақылауға алуы туралы мәлімдемесін сынады, деп хабарлайды Associated Press.
Еуропалықтар стратегиялық маңызды және пайдалы қазбаларға бай Арктика аралының «Гренландия халқына тиесілі» екені туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеге Франция, Германия, Италия, Польша, Испания және Ұлыбритания басшылары қосылды. Олар Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен бірге Трамптың сөздерінен кейін Гренландияны қорғап сөз сөйледі. Гренландия – Дания Корольдігінің құрамындағы өзін-өзі басқаратын аумақ және осылайша НАТО әскери Альянсының бөлігі екенін баса айтты.
«Гренландия сондағы халыққа тиесілі», — делінген хабарламада. — «Дания мен Гренландияға қатысты мәселелерді тек Дания мен Гренландия шешуге құқылы».
Канада Премьер-Министрі Марк Карни де қолдау білдіріп, келесі айдың басында Канада генерал-губернаторы Мэри Саймон, сондай-ақ, сыртқы істер министрі Анита Ананд Гренландияға баратынын айтты.
«Гренландия мен Данияның болашағын тек Дания халқы анықтайды», — деді Карни Париждегі Канаданың елшілігінде Фредериксенмен бірге сөйлеген сөзінде.
Гренландияның стратегиялық маңызы
Гренландия жүздеген жылдар бойы Дания Корольдігінің колониясы болды және 1953 жылы оның ажырамас бөлігіне айнлады. ХХ ғасырдың басында АҚШ үкіметі Данияның бүкіл Гренландия аумағына құқығын мойындады.
Гренландия Канаданың солтүстік-шығыс жағалауында орналасқан, оның аумағының үштен екісінен астамы Арктикалық шеңберден тыс орналасқан. Бұл географиялық орналасу аралды Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Солтүстік Американың негізгі қорғаныс аумағына айналдырды.
АҚШ Қорғаныс министрлігі Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик қашықтағы ғарыш базасын басқарады. Ол Дания мен АҚШ арасындағы 1951 жылғы Қорғаныс келісімінен кейін салынған және АҚШ пен НАТО үшін зымыран соққылары, зымыранға қарсы қорғаныс және ғарыштық бақылау жүйелерін ұсынады.
Гренландия сонымен қатар GIUK Gap (Гренландия — Исландия — Ұлыбритания) деп аталатын бөлікті бақылайды, онда НАТО Солтүстік Атлантикадағы Ресей флотының қозғалысын бақылайды.