Қытайда әлемдегі ең ірі автокөлік қауіпсіздігін тестілеу орталығы ашылды

Қытайлық авто алпауыттар инновациялық технологиялар мен автомобиль қауіпсіздігі саласындағы өз орнын нығайтуды жалғастырып жатыр. Жақында «Аспан асты елінде» әлемдегі ең ірі автомобиль қауіпсіздігін сынау орталығы ашылды. Аталған нысан Гиннестің әлемдік рекордын бес рет жаңартты. Жоба автомобиль қауіпсіздігі стандарттарын айтарлықтай жақсартып, бүкіл сала үшін жаңа талаптар орнатуды көздейді.
Инновация және инвестиция
Орталықты танымал қытайлық бренд Geely ашқан. Қауіпсіздік орталығы 45 000 шаршы метрді алып жатыр. Бастапқы инвестиция көлемі 140 млрд теңгеден (2 млрд юань) асады. Бұл әлемдегі ең ірі нысан, заманауи зертханалармен, арнайы апаттық сынақ жолдарымен және жел туннельдерімен жабдықталған. Ол қазірдің өзінде бес Гиннестің әлемдік рекордын жаңартты, бұл оны әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі ең маңызды нысандардың біріне айналдырды.
Рекордтық нысандарға ең ірі автомобиль қауіпсіздігін сынау зертханасы (81 900 шаршы метр), ең ұзын жабық апаттық сынақ жолы (293,39 метр) және 28 500 шаршы метрді алып жатқан реттелетін биіктігі бар ең үлкен жел туннелі кіреді. Бұл туннельде қар, жаңбыр, күн радиациясы және сағатына 250 шақырымға дейінгі күшті жел сияқты әртүрлі климаттық жағдайларда көлікті сынауға болады.
Орталықтың бірегей мүмкіндіктері
Жаңа орталықтың ең ерекше тұсы – әлемдегі ең үлкен еркін бұрышты апаттық сынақ алаңы. Мұнда көліктерді 0-ден 180 градусқа дейін сынауға болады, бұл әртүрлі бұрыштар мен жағдайларда сынақ мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Бұл аумақ 12 700 шаршы метрді алып жатыр.
Сонымен қатар орталықта 27 сынақ түрі бар, бұл көлік құралдарының жұмысын түлі жағдайларда егжей-тегжейлі сынауға және талдауға мүмкіндік береді.
Киберқауіпсіздік мәселесі
Қауіпсіздік орталығының тағы бір басым тұсы – оның тек дәстүрлі мағынада ғана емес, сонымен қатар киберқауіпсіздік және жаңа технологиялардың жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығына әсері сияқты заманауи технологиялардағы қауіпсіздікке баса назар аударуы.
Сонымен қатар, орталықта зиянды заттар мен жағымсыз иістерді анықтайтын «Алтын мұрын» бөлімі орналасқан. Бұл автомобильдердің күнделікті тізгіндеуде жүргізушілер үшін қауіпсіз болуын және қоршаған орта стандарттарына сәйкес келуін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі рөлі
Бұл орталықтыңашылуы Geely үшін тек алға жылжу ғана емес, сонымен қатар әлемдік автомобиль өнеркәсібінің дамуына маңызды үлес болып табылады. Қытайлық автоөндіруші жаңа қауіпсіздік стандарттарын жасап қана қоймай, сонымен қатар басқа брендтерге қауіпсіз және экологиялық таза көліктерді әзірлеуге көмектеседі.
Бұған дейін әлемдегі ең қауіпсіз автокөліктер тізімі жарияланған еді. Осыған дейін автокөліктер қауіпсіздігінің эталоны Volvo саналса, кейінгі жылдары оны Hyundai мен Kia басып озды.