Елдегі дара кәсіпкерлер саны қанша

Қазақстан экономикасын ірі корпорациялар мен ұлттық компаниялар ғана алға сүйреп отыр деу – біржақты көзқарас. Ел ішіндегі нақты экономикалық қозғалысты қамтамасыз етіп отырған негізгі күш – дара кәсіпкерлер. Олар шағын дүкендер, қызмет көрсету саласы, тасымал, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру және цифрлық қызметтер арқылы жұмыспен қамтуды, айналымдағы ақшаны және жергілікті бюджетті тіреп тұр.
Соңғы он жылда дара кәсіпкерлік тек кәсіп формасы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық құбылысқа айналды. Әсіресе, пандемиядан кейін жалдамалы жұмыстан кетіп, өз кәсібін бастағандар саны күрт артты. Алайда бұл өсім мәңгілік пе, әлде уақытша толқын ба? Жаңа Салық кодексі осы сұраққа жауапты түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Кәсіпкерлер саны қанша?
2015–2019 жылдар аралығында Қазақстандағы дара кәсіпкерлер саны шамамен 1 млн деңгейінде тұрақтады. Бұл кезеңде айтарлықтай өсім де, құлдырау да болған жоқ. Экономика салыстырмалы түрде тұрақты, ал еңбек нарығы жалдамалы жұмысқа көбірек сүйенді.

Алайда 2020 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Пандемия:
- жалдамалы жұмыстың сенімсіз екенін көрсетті;
- онлайн және қызмет көрсету саласын жандандырды;
- мемлекет тарапынан тіркелуді жеңілдетті.
Нәтижесінде:
- 2020 ж. – 983,5 мың,
- 2021 ж. – 1,04 млн,
- 2022 ж. – 1,34 млн,
- 2023 ж. – 1,44 млн,
- 2024 ж. – 1,52 млн,
- 2025 ж. – 1,65 млн адам.
Яғни 2020–2025 жылдары дара кәсіпкерлер саны 1,7 есеге өсті. Бұл – тек сан емес, экономиканың бейімделу қабілетінің көрсеткіші.
Бірақ мұнда бір маңызды нюанс бар: бұл өсімнің едәуір бөлігі микробизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамту формасына тиесілі. Яғни кәсіпкерліктің сапасы мен табыстылығы барлық жағдайда бірдей емес.
Салықтан жалтару үшін кәсіпкерлер бизнесті бөлшектеуде
Сарапшылардың пікірінше, салықтан жалтару мақсатында жеке кәсіпкерлікті жасанды түрде бөлшектеу үрдісі күшейген. Соңғы бес жылда дара кәсіпкерлер санының 1,5 есеге өсуі де бизнесті бөлшектеу практикасымен байланысты болуы мүмкін, – дейді экономист Эльдар Шамсудинов.
Инфографика 02: Өңірлер бойынша кәсіпкерлер саны
Өңірлер бойынша көрініс: кәсіпкерлік картасы қалай қалыптасты?
2025 жылдың соңындағы деректер Қазақстанда кәсіпкерлік біркелкі дамымағанын анық көрсетеді. Ел картасында бизнес белсенділігі нақты шоғырланған нүктелерге ие, ал кей өңірлер әлі де шеткері аймақ күйінде қалып отыр.
Абсолютті көшбасшылар: нарық қайнаған аймақтар
Кәсіпкерлер саны бойынша сөзсіз алда тұрған өңірлер:
- Алматы қаласы – 307,6 мың
- Астана қаласы – 213,3 мың
- Түркістан облысы – 124,8 мың
- Шымкент қаласы – 119,1 мың
Бұл аймақтарды біріктіретін басты ерекшелік – ішкі нарықтың кеңдігі. Халық саны көп, тұтыну деңгейі жоғары, ал қызмет көрсету секторы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналған. Соңғы жылдары көлеңкелі экономиканың бір бөлігінің заңдастырылуы да статистиканың күрт өсуіне әсер етті. Яғни, бұл өңірлерде кәсіпкерлік тек көбейіп қойған жоқ, көріне бастады.
Орташа топ: тепе-теңдік аймақтары
Келесі эшелонда Қарағанды, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары тұр. Мұнда дара кәсіпкерлер саны 40–80 мың аралығында.
Бұл өңірлерде кәсіпкерлік құрылымы теңгерімді:
- бір жағында – өнеркәсіп пен шикізатқа бай экономика,
- екінші жағында – қызмет көрсету мен шағын бизнес.
Мұндай модель кәсіпкерлікті тұрақты етеді, бірақ жарылғыш өсімге мүмкіндік бермейді.
Аутсайдерлер: нарығы тар өңірлер
Кәсіпкерлік белсенділігі ең төмен аймақтар:
- Ұлытау облысы – 13,6 мың
- Солтүстік Қазақстан облысы – 26,6 мың
Бұл өңірлерде шешуші факторлар – демографиялық қысым, көші-қонның теріс сальдосы және нарық көлемінің шектеулілігі. Халық азайған жерде сұраныс та қысқарады, ал сұраныс жоқ жерде кәсіпкерлік баяулайды.
Негізгі түйін: халық саны ≠ кәсіпкерлік
Маңызды бір жайт бар: кәсіпкерлер саны әрдайым халық санына тура пропорционал емес. Кей өңірде тұрғын аз болса да, кәсіпкерлік белсенді, ал кейбір халқы тығыз аймақтарда бизнес әлеуеті толық іске аспаған.
Бұл кәсіпкерліктің тек демографияға емес, нарыққа, табыс құрылымына және институционалдық ортаға тәуелді екенін көрсетеді.
Инфографика 03: Астана мен Алматы қалаларындағы дара кәсіпкерлер саны
Алматы мен Астана: бір өсім – екі түрлі бизнес философиясы
2020–2025 жылдар Қазақстанның екі ірі мегаполисі үшін де кәсіпкерлік тұрғысынан серпінді кезең болды. Алайда бұл өсім бірдей модельмен емес, екі түрлі жолмен қалыптасты.
Алматыда дара кәсіпкерлер саны бес жылда 156,6 мыңнан 294,3 мыңға дейін ұлғайды. Бұл – шамамен +88% өсім. Яғни, әрбір екінші кәсіпкер нарыққа соңғы жылдары қосылған. Мұндай серпін Алматының классикалық нарықтық қала екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Мұнда бәсекелестік қатаң, бірақ мүмкіндік те мол: табыс көздері әртараптанған, цифрлық қызметтер, креативті индустрия, онлайн сауда мен сервистік бизнес қарқынды дамыды. Алматы кәсіпкері тәуекелге барудан қорықпайды – себебі нарық оны тез сүзгіден өткізіп, өміршеңін ғана қалдырады.
Астанада да өсім айтарлықтай. Кәсіпкерлер саны 101,1 мыңнан 204,1 мыңға дейін, яғни екі есеге жуық (+102%) артты. Бірақ бұл – басқа сипаттағы өсім. Астана – әкімшілік-қаржылық орталық, мұнда бизнестің едәуір бөлігі мемлекеттік тапсырысқа, квазимемлекеттік секторға және институционалдық клиенттерге байланған. Қызмет көрсету, консалтинг, құрылыс пен аутсорсинг басым, ал салықтық және әкімшілік тәртіп салыстырмалы түрде қатаңырақ.
Сырттай қарағанда екі қалада да өсім бар. Бірақ ішкі динамикасы әртүрлі:
Алматыда кәсіпкерлік – нарықпен тірі,
Астанада – жүйемен бірге дамиды.
Сондықтан тәуекелге бейімділік, икемділік және экспериментке дайындық тұрғысынан Алматы алда. Ал Астана – тұрақтылық пен болжамдылықты таңдайтын кәсіпкерлердің қаласы.
Жаңа Салық кодексі: өсімге қауіп төндіре ме?
Алдағы Салық кодексінің негізгі бағыттары:
- арнайы режимдерді қысқарту;
- айналым шегін төмендету;
- бақылауды күшейту;
- B2B операцияларды қатаң есепке алу.
Бұл нені білдіреді?
Қысқа мерзімді әсер:
- шағын кәсіпкерлердің бір бөлігі жабылады немесе көлеңкеге кетеді;
- тіркеуден шығу фактілері артуы мүмкін;
- статистикада кәсіпкерлер саны азаюы ықтимал.
Орта мерзімді әсер:
- әлсіз бизнес нарықтан кетеді;
- табысты әрі тиімді кәсіпкерлер қалады;
- сапа санының орнын басады.
Яғни кәсіпкерлер саны азаюы экономикалық апат емес, бірақ әлеуметтік тұрғыдан сезімтал мәселе.
Ең үлкен қауіп – микробизнеске бірдей талап қою. Егер салықтық жүктеме мен есептілік шамадан тыс артса, соңғы жылдардағы 1,7 есе өсім кері айналуы мүмкін.
Шегерімдерге тыйым салудың салдары
Салық саласы бойынша сарапшы Максим Барышев 2026 жылдың қаңтарынан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде (ЖБР) жұмыс істейтін компанияларға арнайы салық режиміндегі (СНР) кәсіпорындармен жасалған мәмілелер бойынша шегерім қолдануға тыйым салынуына қатысты өз пікірін «Курсив» басылымына білдірді.
Сарапшының айтуынша, бұл шектеулерді алып тастау – бизнес қауымдастығы көптен күткен шешімдердің бірі. Оның сөзінше, «жеңілдетілген режимдегі» жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеген кезде B2B-шегерімдерге тыйым салу компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды күрделендіріп, әкімшілендіру сапасын нашарлатады және бизнестің мұндай серіктестермен ынтымақтастықтан бас тартуына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жеткізу тізбектерінің бұзылуына, тіпті ірі кәсіпорындардың қызметіне қауіп төндіруі ықтимал.
«Жалпыға бірдей салық режиміндегі кәсіпорындар саны жеңілдетілген режимнен көшу есебінен шамамен 300 мың компанияға артуы мүмкін. Соның ішінде 70 мыңға жуық кәсіпорын қосымша ҚҚС бойынша есепке тұрады. Алайда компаниялар санының көбеюі Мемлекеттік кірістер комитетіндегі қызметкерлер штатының ұлғаюымен қатар жүріп отырған жоқ. Бұдан бөлек, тәжірибелі бухгалтерлердің жетіспеушілігі есеп пен есептілікте қателерге жол беруге мәжбүрлейді, ал бұл кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар мен шоттардың бұғатталу жағдайларының көбеюіне алып келеді», – деді Максим Барышев.