Айлық, жаңа нысан мен дәрігерді қорғау: 2026 жылы медицинада не өзгереді

2026 жылдан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, олардың құқықтық қорғалуы күшейтіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлім етті.
Денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы
Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінетін мемлекеттік шығындар шамамен үш есе өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба аяқталуда. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты едәуір азайтты», – деп атап өтті вице-министр.
Жаңа нысандар
Вице-министрдің сөзінше, елде республикалық маңызы бар бірқатар стратегиялық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында:
- Ұлттық онкология орталығы,
- Астанадағы шұғыл медицина орталығы,
- Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы бар.
Бұл нысандар жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Дәрігерлердің айлығы
Сондай-ақ вице-министр 2026 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетінін де мәлімдеді.
«2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі», – дейді Сұлтанғазиев.
Медицина қызметкерлерінің құқығы күшейтіледі
Парламент медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Енді:
- медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіледі;
- дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылады.
Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде дәрігерлер тапшылығы 19 пайыз, орта медициналық персонал тапшылығы 7 пайызға, ал ауылдық жерлерде 16 пайызға төмендеген.
Айта кетейік, елде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.