Алматы мешіттерінде намаз уақытында ұрлық жасаған ер адам ұсталды

Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы мешіттерде жасалған бірқатар ұрлық деректерін әшкереледі.
ІІМ мәліметінше, күдікті ұсталып, ол жамағаттан ұялы телефондар, әмияндар және өзге де жеке заттарды ұрлағаны анықталған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті намаз уақытын, адамдардың бейқамдығын пайдаланып, ұрлық жасаған.
«Азаматтардың қауіпсіздігін, әсіресе, адам көп жиналатын орындарда қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды. Мұндай қылмыстар материалдық шығын келтіріп қана қоймай, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына да нұқсан келтіреді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде ұрлықтарға қатысы бар күдікті ұсталып, әрбір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.
Күдіктінің қылмыстық әрекетінің бірнеше эпизоды дәлелденген. Оның осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.