
Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалған отбасына қатысты жаңа деректер белгілі болды. «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, төрт ересек адамның жоғалуына марқұмдардың күйеу баласы басты күдікті ретінде танылып отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, негізгі күдікті 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев. Қаза тапқан Қарабалиндер әулетінің күйеу баласы. Тергеу аясында оның анасы да жауапқа тартылды. Бірақ құқық қорғау органдары пайдалы ақпарат ала алмаған. Сонымен қатар марқұмдардың үлкен қызы, Сұлтанның жұбайы Ақбаян да әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Отбасына жақын дереккөздің айтуынша, Сәрсемәлиев отбасы діндар болған, ешкіммен араласпаған.
«Олар ешкіммен араласпайтын, үйден сирек шығатын. Бес баланың анасы болған әйелді тіпті туыстары да жиі көрмеген. Ақбаян да сыртқы ортамен байланыс орнатпаған, құрбы-құрдасы болмаған», – дейді отбасыны жақсы білетін дереккөз.
Әртүрлі деректерге сүйенсек, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев қазір Индонезия аумағында, нақтырақ айтқанда Бали аралында болуы мүмкін. Сондай-ақ ол жоғалғандардың біріне тиесілі банк картасын пайдаланып жүргені туралы ақпарат бар.
Марқұм Максот Қарабалиннің әпкесі Сұлтан ұзақ уақыт бойы жұбайы Ақбаянның қайда екенін жасырғанын айтады.
«Ол бізге әйелін ешқашан көрсетпейтін, түрлі сылтау айтатын. Кейін белгілі болғандай, олар қараша айынан бері жоғалған. Соған қарамастан, Сұлтанның анасы полицияға хабар бермей, бес баланы өз үйінде ұстап отырған. Бұл оқиғада күмәнді жайттар өте көп», – дейді ол.
Еске салайық, Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын төрт ересек адам 2025 жылдың күзіне қарай хабарсыз кеткен. Туыстары полицияға тек 25 желтоқсанда жүгінген, себебі отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпаған. Кейін күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян да жоғалғаны белгілі болды.
Атырау облыстық полиция департаменті кейінірек отағасы Максот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның мәйіті табылғанын хабарлады. Олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.