Баласы ұрып-соққан марқұмның қабірі қайта қазылған

Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында 41 жастағы баласы ұрып-соғып, қинаған 70 жастағы Есіркеп Садақбаев көп өтпей қайтыс болған. Ұзамай тергеуге байланысты марқұмның денесі қабірінен қайта қазып алынып, эксгумация жасалған. Бұл туралы Жетісай аудандық сотында прокурор мәлім етті.
Айыптау актісіне қарағанда, сот-медициналық сараптама қорытындысы өткен жылдың қараша айында шыққан. Қорытындыда марқұмның сол жақ 3- қабырғасында бұғана орта сызығы сынығы, 8, 9, 10-шы қабырғаларында жауырын сызығы бойымен сынықтар және 8, 9-шы қабырғаларда омыртқа маңы сызығы бойымен сынықтар бары, айналасындағы жұмсақ тіндерінің қанталауы анықталған. Бұл денсаулыққа орта дәрежелі зиян келтіру деп бағаланған.
Сонымен бірге марқұмның «мұрын сүйегі сынған». Ол бұл жарақатты тірі кезінде алған. Бұл жарақаттар қатты доғал жұмыр заттың әсерінен алынған.
Қабірді ашқанда мәйіт шіріп кеткендіктен, өлім себебін нақты анықтау мүмкін болмаған.
Сот отырысында іске байланысты хабарсыз қалған ауылдағы учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Арапбаевтан да жауап алынды. Оның сөзінше, полиция қызметкері оқиғаны баласы әкесін ұрған видео әлеуметтік желіде тарап кеткеннен соң білген. Оған дейін полицияға ешкім шағым түсірмеген.
«Видео тараған күні Алмас Садақбаевты полиция бөліміне жеткіздім. Оны жақсы танитын едім, мұндай нәрсе шығады деп ойламадым. Ауылда 5 мың адам тұрады. Бәріне бірдей қарап үлгермедім», – деді ол.
Айта кетейік, Шардара ауданында әкесін ұрып-соққан тұрғынның ісі сотта қарала бастады.
Іс бойынша айыпталушы ретінде марқұмның баласы 42 жастағы Алмас Садақбаев жауап беріп жатыр. Ал жәбірленуші ретінде оның туған інісі Батыр Садақбаев танылған. Айыпталушы ісі Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен тіркелген.
Сот отырысында оқиға жайлы әйгілеген видеоны ер адаммен көрші үйдің қыздары түсіріп алғаны белгілі болды.