Жаңалықтар

Жетісайдағы сот: қарт әкесін ұрып-соққан адамды көрші қыздар видеоға түсіріп алған

Фото: видеодан скриншот/ https://t.me/saryagashinform/3

Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында қарт әкесін ұрып-соғып, балағаттаған 41 жастағы Алмас Садақбаев ауыл мешітінде азан шақырып, соңғы жылдары мәдениет үйінде жұмыс істеген. Бұл туралы Жетісай аудандық сотында айтылды.

Сотта мәлім болғандай, айыпталушының әкесін ұрып-соғып, балағаттағанын көрші үйдің қыздары видеоға түсіріп алған. Қыздардың анасы Ләззат Қасымбекованың сотта айтуынша, видеоны көргенде таңғалған.

«Екі бейнежазбаны көріп қорқып кеттім. Шок болдым»,– деді.

Прокурор оған видеоны көрген соң неге полицияға хабарламағанын сұрады. Ол қыздары видеоны ауыл дәрігеріне жібергенін, дәрігер ауыл әкіміне көрсеткенін естіген соң бұл іске ары араласпағанын жеткізді.

Ауыл амбулаториясының дәрігері, куә Гүлжан Чукманова видеоны көргенін сотта растады. Ол видеоны алып, Қоссейіт ауылдық округтің әкімі Нұрбол Жайнарға барып, айыпталушымен сөйлесуді сұраған.

«Видеоны көргеннен кейін, өзіміз де атаға бардық. Терезе түбінде жатыр екен. Күтімі болды. Тап-таза, бірақ әлсіз жатты. Төсектен тұрмады. Бел омыртқасы ауыратын. Қан қысымы болатын. Атаның жағдайы нашар болды. Өздігінен тұра алмады. Дене жарақаттары болған жоқ», – деді дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, ауыл әкімі видеоны көргенде айыпталушыны бірден таныған. Десе де, ауыл әкімі видеоны тек қария қайтыс болғаннан кейін көргенін айтты.

«Дәрігер айтқан соң Алмас Садақбаев, ауыл имамы, учаскелік полициямен жиналыс болды. Садақбаев бәрін жоққа шығарды. Әкесінің құлағы ауыр еститінін, қолтығынан сүйемелдеп сыртқа шығаратынын айтты. Түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Зорлық-зомбылыққа ұласса, қылмыстық жауапкершілік бар екенін түсіндірдік. Видеоны әлеуметтік желіге шыққан соң көрдім», – деді әкім.

Көп өтпей 2 қыркүйек күні қария қайтыс болған.

«2 қыркүйек күні Алмас Садақбаев хабарласып, әкесінің қатты ауырып жатқанын айтты. Кешкі сағат сегізде бардым. Екі күннен бері су да ішпей қалғанын да жеткізді. Аяқ-қолы мұздап қалған екен. Тек мойын тамыры соғып тұрды. Жағы қарысып жатты», – деді дәрігер.

Прокурор дәрігерден неге қарияны аудандық ауруханаға алып бармағанын, қайтыс болғаннан кейін, аурухана мен полицияға хабар бермеу себебін сұрады. Ол «табиғи өлім» деп тіркегенін жеткізді.

Жұрттың жағасын ұстатқан видео марқұмның жаназасынан кейін тарап кеткен. Сотта жәбірленуші, марқұмның баласы соттан видеоны түсіріп, таратқандарды жауапқа тартуды сұрады. Осы кезде айыпталушы Алмас Садабаев көршісіне қарата:

«Қарт адамға қарау оңай емес. Әбіржиміз, қиналамыз. Ашуланамын. Видеоны көрген соң оны таратқанша жағдайды сұрауға болады ғой. Түсіндіріп беретін едім», – деді.

Айта кетейік, қыркүйек айында әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара ауданында қартайған мүгедек әкесін баласы аяусыз соққыға жыққан видео тараған еді. Артынша баласы ұсталғаны белгілі болды. Оған Қылмысытық кодекстің екі бабы – дәрменсіз адамды қинау және денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша айып тағылды.