25 жылдан артық қолданылған лифтілер жаппай жаңартылады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Былтыр 248 лифт ауыстырылған / Фото: kursiv.media мұрағаты

Сенаторлар елдегі лифтілердің бәрін бақылауды әкімдіктерден ТЖМ-ға тапсыруды сұраған еді. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл өтінішті орындамаса да, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі органдар лифтілердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп жатқанын хабарлады.

Сенаторлардың тағы бір талабы – лифтілерді қауіпті техникалық құрылғылар деп тануға және ескірген лифтілерді толық ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске қосу болған.

Бектенов бұл сауалға берген жауабында заңдағы нормативтер бойынша меморгандардан құралған комиссия лифтілерді міндетті түрде тексеріп отыратынын айтқан. Сонымен қатар тұрғын үй заңнамасының нормаларына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, оның ішінде лифтілерді ауыстыру, не күрделі жөндеу пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің көпшілік даусының хаттамалық шешімі негізінде жүргізілетінін хабарлады.

«Тұрғын үй заңнамасы шеңберінде республикада көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, оның ішінде меншік иелерінің көрсетілген шешімі негізінде лифтілерді ауыстыру жөніндегі бағдарлама қолданылады. 2025 жылға аталған бағдарлама шеңберінде әкімдіктер 363 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге өтінім берді, оның ішінде 248 лифт ауыстырылды», – деді Үкімет басшысы.

Үкіметтің тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп қаржыландыру мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, авариялық және 25 жылдан астам пайдаланудағы лифтілерді ауыстыру және күрделі жөндеу бойынша жол карталарын бекітуге міндеттеліп отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын елордадағы «Арыстан» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйдің лифті үзіліп, сол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген бір адам көз жұмып, екі адам ауыр жарақат алған.

Сондай-ақ оқыңыз