Елена Рыбакина қарсыласын ойсырата жеңіп, ширек финалға шықты

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Аустралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің 1/8 финалында өнер көрсетті.
Sports.kz хабарлауынша, бұл жолы қазақстандық спортшының қарсыласы әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадоса (25-орын) болды. Кездесу нәтижесінде Рыбакина екі сетте жеңіске жетті – 6:3, 6:2. Теннисшілер кортта 1 сағат 26 минут ойнады.
Осылайша, Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алып, онда Чехия өкілі Каролина Мухова (20-орын) мен ресейлік Екатерина Александрова (10-орын) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, биыл Брисбендегі турнирдің жүлде қоры 1 691 602 АҚШ долларына жетті. Турнир жеңімпазы 214 530 доллар табыс тауып, рейтингке 500 ұпай қосады. Елена Рыбакина бұл турнирдің басты жүлдесін 2024 жылы жеңіп алған болатын.
Елена Рыбакина мұның алдында қытайлық теннисші Чжан Шуайды айқын басымдықпен жеңген еді.