Қырғызстанда Nestle балалар тағамын кері қайтарып жатыр

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
nestle
фото: ашық дереккөзден

Қырғызстанда Nestle балалар тағамының кейбір партияларын сатылымнан алып тастап жатыр. Аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің дерегінше, олардың құрамында токсинді заттар болуы мүмкін.

Атап айтқанда NAN 1 OPTIPRO, NAN OPTIPRO 2, NAN EXPERTPRO, NAN 2 Optipro, PRENAN, NAN LACTOSE FREE тауар белгілерімен шығарылатын құрғақ тез еритін сүтті, қышқыл сүтті және лактозасыз қоспалары кері қайтарылады.

Олардың құрамында цереулид токсині болуы мүмкін деген қауіп бар. Мамандар тұтынушыларға пайдаланып жүрген балалар қоспасының атауын және дайындалған күнін тексеруді ұсынады. Кері қайтарылатын партиялармен сәйкес келген жағдайда, аталған өнімді қолдануды тоқтатып, өнімді қайтару үшін ресми дистрибьютор, «Forester» ЖШС-ға хабарласу керек.

Қазір ресми дистрибьютор тарапынан Қырғыз Республикасының аумағындағы сауда желілерінен аталған өнім партияларын тәркілеу бойынша іс-шаралар басталды.

Цереулид – Bacillus cereus бактериясының кейбір штамдарын бөлетін токсин. Ол жоғары температураның әсеріне төзімді және қайнатқан кезде жойылмайды. Құрамында цереулид мөлшері жоғары өнімді тұтынғаннан кейін, құсу және диарея пайда болуы мүмкін.

6 қаңтарда Nestlé балалар тағамының бірнеше партиясын Қазақстаннан қайтарып алған еді. Сол кезде де өнім құрамында токсин бар деген қауіп айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз