
Иманғали Тасмағамбетов Асанәлі Әшімовтің бейітін көтеруге қолдау көрсетпек. Бұл туралы ақын Маралтай Райымбекұлы хабарлады.
Ақын әлеуметтік желісінде Иманғали Тасмағамбетовтің Асанәлі Әшімовтің үйіне барып, көңіл айтқанын жариялады.
«Кеше Асанәлі ағаның қаралы шаңырағына Иманғали аға келіп дұға жасады. Қақ төрдегі Асанәлі ағаның орнында кіші Асанәлі отырды. Баталы сөз бен аталы сөз осы кішкентай Асанәліге бағытталды. «Орнында бар оңалар» деген сөз еріксіз ойыма оралды», – деп жазды Маралтай.
Сонымен қатар, Иманғали Тасмағамбетов Асанәлі Әшімовтің жылдығына дейін естелік кітаптарды шығару және Кеңсайдағы қабірін абаттауға көмектесетінін білдірген.
Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қалың жұрт абыз актерді Алматыдағы «Абай» атындағы балет және опера театрынан ақтық сапарға шығарып салған еді.