Ұлттық банк 11 айда 49 тонна алтын сатып алған

2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстан алтын сатып алу бойынша әлемде екінші орынға көтерілді. Бұл туралы Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) хабарлады. Осы 11 айдың ішінде Қазақстан Ұлттық банкі 49 тонна алтын сатып алып, тек Польшаға жол берген. Польша аталған кезеңде қорын 80 тонна алтынмен толықтырған.
Алтын нарығындағы белсенділік жаһандық деңгейде орталық банктердің алтынға деген қызығушылығы әлі де жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен 2025 жылдың қараша айында алтын сатып алу көлемі қазанмен салыстырғанда біршама төмендеген. Дүниежүзілік алтын кеңесінің дерегінше, қараша айында әлемнің орталық банктері 45 тонна алтын сатып алған.
Қарашада Қазақстан Ұлттық банкі ең ірі сатып алушылардың қатарына еніп, 8 тонна алтын алып, әлем бойынша төртінші орыннан көрінді. Бұл айдағы негізгі көшбасшылар қатарында Польша мен Бразилия болды: бұл елдердің орталық банктері тиісінше 12 және 11 тонна алтын сатып алған. Сонымен қатар Өзбекстан (10 тонна), Қырғызстан (2 тонна) және Чехия (2 тонна) да алтын қорын арттырды. Қытай мен Индонезия әрқайсысы бір тоннадан алтын сатып алған.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында әлемнің орталық банктері 297 тонна алтын сатып алған. Бұл көрсеткіш алтынның әлі де стратегиялық резерв құралы ретіндегі маңызын жоғалтпағанын аңғартады.
2025 жыл соңында алтын бағасы қымбаттап 4,5 мың доллардан асты. Оған әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы да әсер етті. Соның ішінде АҚШ пен Венесуэла арасындағы жанжалды ерекше атап өту керек. Инвесторлар активін сақтап қалу үшін тағы да алтынға жүгінуге мәжбүр болды.