
Қазақстан үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған. Құжатта инфляцияны төмендету, экономиканы жылына кемінде 5% өсіру және халық табысын инфляциядан 2–3 пайыздық тармаққа жоғары арттыру міндеті қойылған.
Алайда Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов бұл бағдарлама қойылған мақсаттарға жеткізетініне күмәнмен қарайды.
Үкімет пен Ұлттық банктің саясаты үйлеспейді
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде үкіметтің салық саясаты мен Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мүлдем үйлеспейді. Ал бұл Қазақстандағы жоғары және тұрақсыз инфляцияның негізгі себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан сарапшы қордаланған мәселені үш жылдық бағдарлама қабылдай салып шешу мүмкін емес деп тұжырымдайды.
Құжатта халықтың табысы қалай өсетіні нақты көрсетілмеген. 2026 жылы инфляция 9-11% деңгейінде болады деп болжанғанымен, табысты одан жоғары қарқынмен өсіретін нақты тетіктер ашып жазылмаған. Сол сияқты жеке және шетелдік инвестицияларды арттыратын жаңа шаралар да анық емес.
Ескі тәсіл қайта ұсынылған
Темірханов жаңа бағдарламада соңғы 20 жылда қолданылып келген, бірақ нәтиже бермеген тәсілдер қайта пайдаланылғанын айтады. Бұрынғы мемлекеттік бағдарламалар тұрақты экономикалық өсімге жеткізбегенімен, жаңа құжатта сол қателіктерге талдау жасалмаған.
Инфляция себептері дұрыс көрсетілген: ішкі сұраныстың өсуі, тұтынушылық кредиттің артуы, теңгенің әлсіреуі, импорт пен азық-түлік бағасының қымбаттауы. Бірақ оларға қарсы ұсынылған шаралар бюджет шығындарын қысқарту және экономиканы «суыту» қағидаттарына толық сәйкес келмейді.
Ұлттық қордан қаржы алу азайса да, шығын көбейеді
Өйткені ресми бюджеттен бөлек, экономикаға үлкен әсер ететін квазифискалдық шығындар бар. Бұл – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» арқылы жүзеге асатын операциялар.
Мысалы, 2026 жылы «Бәйтерекке» 1 трлн теңге бөлініп, оның негізінде 8 трлн теңгеге дейін қаржы тарту жоспарланған. Формалды түрде бұл бюджет шығынына кірмейді, бірақ іс жүзінде мемлекеттік шығынды арттырады. Сондықтан Ұлттық қордан қаражат алуды қысқарту инфляцияны тежеуге айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін.
Инвестиция жоспары қайта төмендетілді
Бұған дейін билік инвестицияны ЖІӨ-нің 30%-ына жеткізуді жоспарлаған. Бірақ сарапшының айтуынша, 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш 15%-ға да жеткен жоқ. Тікелей шетелдік инвестиция да жоспардан әлдеқайда төмен болды.
Жаңа бағдарламада мақсаттар қысқартылғанымен, негізгі басымдық жеке капиталға емес, мемлекеттік жеңілдетілген кредитке берілген. Бұл инвестиция сапасына қатысты сұрақ тудырады.
Мемлекеттің экономикадағы рөлі қысқармай отыр
Бағдарламада мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту туралы айтылғанымен, нақты жекешелендіру шаралары қарастырылмаған. Оның орнына мемлекеттік компанияларды «оңтайландыру» ұсынылады.
Сонымен қатар мемлекет банктер мен қор нарығының рөлін өз мойнына алып, жыл сайын шамамен 8 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отыр. Сарапшылар мұны нарықтық тетіктерге кері әсер ететін үрдіс деп бағалайды.
Бұған дейін сарапшылар ел экономикасына инвестиция сыртқы қарыз есебінен құйылып жатыр деп тұжырым жасаған.